19.07.2022
  247


Автор: Баян Тіленшина

Немерелерім -- Сағыныш пен Дәулеттің тұңғыш жыр кітапшаларының тұсаукесері


Жыр тамшысы!
Не деген мөлдір еді!
Көгілдірдей көздерде мөлдіреді,
Күн сәулесін жетіге жіктеп беріп,
Кемпірқосақ тілінде сендіреді.
Өзен, көлден табылмас тазалықпен,
«Сағыныш сазы» -- қызым елжіреді,
Тура жол жүр піріңе сыйынып ап,
Бекерлікке тұйғындай құйылып ақ!
Күл- қоқыстың байқалмас тозаңдары,
Былғамасын жолыңды жиылып ап.
...Ақын болу ешкімге міндетті емес,
Нағыз Адам боп жүру – қиынырақ!
« Ақындық қияғы» боп туылғаным,
Дәулетім, ақ қайнардай буырқандың,
Бір шамды сыйлық еттің жан әкеңе,
Жаным жалын!
Қанымда дуылдадың,
«Елім, елім!» деп мәңгі алаулаңдар,
Сол ниеттің көрмейін суынғанын!
Тұмар тақтым бойыңа ұлағаттан:
Сөз қалмасын ізіңде жылап аққан,
Сәуле жақын жүргенде көлеңкең зор,
Жақсылық пен жамандық бір-ақ аттам.
Табандының жолы тас, құз, қиялы,
Қияқтарым, қорғайды ақыл-қалқан.
Шашу шашты Жыр- патша қазынадан,
Өлең өнер жүректі, назы да арман,
Қазақ деген ел біреу, ұлы өзегің,
Ақындық рух халқынан азық алған!
...Екі көзі жауласқан адам- пенде,
Жыр - жүректі айырмас қозылардан.


Жыр тамшысы бұлаққа ұласқанда,
Арман- қанат қағылсын жыр- аспанда,
Ақындыққа жасаған қадамдарың,
Тәй- тәй басып, соқпақпен қыр асқанда.
«Мен Ғұмар мен Керімге ұрпақпын!» деп,
Мақтан етші «кімсің?» деп сұрасқанда.
Қос тұсауды кесейін алмас жырмен,
Тәлім алып, жаттасын құлақ түрген:
Періштедей пейілмен өлең өрбіт,
Өз жалының сақтасын сұқ пен тілден!
Бір жырында жүз жылдың өмірі бар,
Арман бар ма ақында жерде жүрген?!
***
Қос немерем «Юнеско» жинағында!
Жалғанғаны болар ма сыйлы ағынға?!
Ғұмар ашқан Одағы ұлы жырдың,
Қол соға ма шөпшекке нұр құйғанында?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу