Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  64


Автор: Баянғали Әлімжанов

ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІ

Өткеннің ғайып болмақ көп елесі,
Десек те аз емес қой өнегесі,
Ауылым Степнякта Бұлақ басы
Біржан сал бабам жүрген жерлері осы,
Алпысыншы жылдары біздің жақтың
Жел қақтап, кеуіп еді кенезесі.
Кім білсін, сәуегейлер сыр ашты ма,
Жылымық жақсылыққа ұласты ма?
Әйтеуір жұрт жиналды тасаттыққа
Зираттың ар жағында,қыр астында.
Баламыз, бізге қызық мұның бәрі,
Беймәлім талай ұлы ұғым әлі,
Мал сойып, ошақ қазған үлкендерді
Маңайлап өңкей ерке шуылдады,
Қолында шешейлердің аяқ-табақ
Ғажайып оркестрдей сылдырлады,
Шалдардың күңіренген дұғасымен
Кеудеңе бір ғажап сыр тығылады,
Қайран кемпір-шалдар-ай құт дарыған
Әулеттің бір-бір төбе ұлылары!
Төгілген зая кетпей тер мен еңбек
Иа, құдай, көктен иіп, жерден бер деп,
Тілек қылған жиынға жетіп келді
Көк мауыт, қызыл жаға көлбелеңдеп.
Көрген соң аталар мен апаларды
Бас салып лаңдатуға бата алмады,
Өрт шығып кете ме деп от көрген соң
Келіп ек, байқаңдар деп кете барды.
Жауды ма, жаңбыр сонда жаумады ма,
Жел қуып қара бұлттар аунады ма?
Есте жоқ, тек есімде телмірген жұрт
Жайылған көкке қарай қолдарына...
Естідік ел аузынан ес білген соң
Аяғы көп әңгіме болғанын да,
Жоғарғы жақтың жыны ұстап қапты
Ел-жұрттың Алланы еске алғанына,
Артынша аупартком да қаһарланды
Құдайшыл біздің елдің шалдарына!
«Жайылдық лақап болып атырапқа,
Цекада кірген екен дакылатқа,
Тәубешіл таспих тартқан ақылды да
Тастүйін атеистер ақымақ па?
Қарай гөр отырғанын жасап бүгін,
Тыйыңдар тастай қылып тасаттығын,
Бұлақ басы болмақ па бүлік басы
Тұқыртып тез арада бас аптығын,
Құрбандыққа келе ме шалынғысы
Қанеки сағынып жүр қасапты кім?
Үлгі боп құдай жолын қуғандарға
Әбсәләм қажы емес пе тұрған дара?!
Кітабын кәмөнестің танымайды
Табынған құдіреті құран ғана,
Кетпей ме келешекте кеңкелес боп
Құранға бар ниетін бұрған бала?!»
Сын-сықақ шыға келді қажы жайлы
Саяси-сатиралық журналға да!
«Ұйтқысы ұлтшылдықтың имам да осы,
Намазға жұмыскерді жиған да осы,
Екі ұлдың – Кәшөн, Мұқаш құлағына
Құранды қаршадайдан құйған да осы!
Жамағат жоққа сенгіш боп келеді,
Аят, намаз – айнымас салт көреді,
Кеңседе кәмөнестің сөзін сөйлеп
Кешкісін жайнамазға жалт береді,
Бала екеш балдары да бұл ауылдың
Оллаһи-билләһи деп ант береді!»
Қиянат имансыздық тұсындағы
Тұйыққа тіреді ғой мұсылманды,
Хатшысы аупарткомның атқа қонды
Ұшықтап жібермек боп ұшынғанды,
Қажыны қайтара алмас хақ жолынан
Жұмыста балаларын қысымға алды.
«Кәдімгі сәбетский баласыңдар
Қай уақта дұрыс адам боласыңдар?
Партияның оқытқан шопырлары
Теріске рөлді бұрып барасыңдар,
Ұялмай, үкіметтің машинасын
Мініп ап, намаз десе шабасыңдар,
Елдегі молдаларды жиып-теріп
Қажыны да мінгізіп аласыңдар,
Жолынан ескіліктің шықпасаңдар
Қараңғы, надан болып қаласыңдар,
Көрсоқыр көзін ашқан үкіметтің
Көртопырақ құятын шамасы бар!
Көнбесе ырқымызға мынау халық
Сонша жыл біз несіне танаурадық?
Намаз, құран біржола қоясыңдар
Қоймасаң, отырсың ғой сөзді аңғарып,
Дәл жиырма төрт сағатта жібереміз
Қажы әкеңмен қосақтап жер аударып!»
Партия таңдай білген шешендерді,
Қаһарлы хатшы сөзі әсерлі еді...
Әбсәләм қажы атама кешке таман
Салбырап Мұқаш пенен Кәшөн келді,
Сабырмен балаларын тыңдап алып
Салмақтап әрбір сөзін жауап берді.
«Бұйрықсыз адам доптай домаланбас,
Құдай берген Құранды пенде ала алмас,
Бар үкімет,партияң жабылып кеп
Кессе де ажырамас сәждадан бас!
Ал сендер қалма пәле,айқайға да,
Шама жоқ шалқаятын шалқайғанға,
Екпіні тау жығады үкіметтің
Шындаса – аямайды, шайқаңдама,
Кесім сол-көнесіңдер дегеніне
Қай жаққа қаңғырмақпыз қартайғанда?
Барған жерден береке таптыра ма
Құрығы жетіп жатыр қай-қайда да!
Намазды теріс бұрды заман бүгін,
Заманға таба алады амалды кім?
Қабанға қарсы ұмтылып жеңе алмассың
Сендердің керек маған амандығың!
Қайтерсің қаскөйлікке айлаң азда,
Ілесіп оған бірақ жолдан азба,
Иілсең- түбінде бір түзелерсің
Тірескенді жауыздық жойғаны аз ба?
Жүрегіңде сақтай біл иманыңды
Маңдайың тимесе де жайнамазға,
Алладан басқа ақиқат таба алмайсың
Сарғайып үңілсең де қай қағазға!..»
Күн өтті...Ай ауысып...Жылжып жылдар...
Аспаннан нұр төгіліп, сөгілді ызғар,
Кешегі коммунистің осы күнде
Бірі молда,ал бірі уағыз тыңдар!
Өшкен жоқ қажы атамның өнегесі,
Иншалла, кең жайылды керегесі,
Кәшөн-молда, ал Мұқаш – қажы атанып
Елдегі мешітінің болды егесі,
Құрметті азаматы еліміздің
Қасендей қайырымды немересі!
Жанталас, не бір зұлмат халық көрді,
Мұздады, шалықтады, жанып көрді,
Аталар аманатын аман сақтап
Бүгінге дін мен тілін алып келді,
Иманын жоғалтпаған тар заманда
Иа, Алла, көркейте гөр ерікті елді!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу