Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  132


Автор: Баянғали Әлімжанов

АҢЫЗ БЕН АРХИВ ЖӘНЕ АСПАН

Ғалымдардың қай-қашанғы ұраны:
«Ғылым-тарих архивтерден тұрады!»
Біз теріске шығармаймыз архивті
Зерттеулердің таптырмайтын құралы,
Бір сұрақ бар мазалайтын бірақ та
Документті кімдер, қалай құрады?!
Хатқа түскен дерек десе елпілдеп
Доктырлардың көтерілген құлағы,
Құжаттарға құдайындай табынып,
Бұлақтарды жырақтарға бұрады,
Дұшпан жазған дәкүментті дәлел ғып
Атаң айтқан аңызыңды ұрады,
Ал бірақ та даламыздың тарихы
Архив емес, аңыз, жырдан тұрады,
Қай қағазға сияр екен жазғанмен
Ел қазақтың жүрегінің шуағы,
Тар қапас пен тас құрсауда тұншығып
Өткендердің өшіп кеткен шырағы?!
Тас таңбадай зейінінің тарихы,
Даладай кең пейілінің тарихы,
Бар әлемді бауырына сыйдырған,
Біздің тарих-мейірімнің тарихы!
Белгісіздік орап алған кешегі
Бар өмірді деме мүлде өшеді,
Газеттерге, кітаптарға жазбай-ақ
Қаншама адам қызық тағдыр кешеді,
Әрбір істің, әрбір сәттің өшпейтін
Бар шығар-ау біз білмейтін есебі,
Шындық болып шыға келмек қалайша
Бәз біреудің жазып кеткен өсегі?!
Архивтерде жазылмаса есімі
Атаңды да болмаған ғой деседі.
Бұл өмірдің бар мұраты ду ма екен?
Шуылдақтар нені біліп қуды екен?
Хатқа түскен тарих қана тарих та
Қалған өмір желмен ұшқан бу ма екен?
Санаңды улап сар қағаздың елесі,
Тарихқа үкім шығарамыз неге осы?
Пәпкілерге түптеп қойған тәртіппен
Пәктілерге ой жүгіртсең келесі,
Соғыстарда жусатып сап сарбазды
Бірер солдат жараланған, о несі?
Жаудың бәрі жаны сірі мерген боп
Батырлардың босқа ұшқан ба жебесі,
Ел сөзінен артық болмақ қалайша
Жансыздардың жиып-терген доносы?!
Басқыншының жер жарады дақпырты,
Жаныңды жер бір тынбайтын жақ құрты,
Тарихыңның тиянағы болмақ па
Қанды қылыш әпесердің рапырты?
Жоққа қалай шығарасың атаңды
Болмады деп патша берген паспырты?!
Ақиқат деп құлай берсек құжатқа
Қиялымыз бара қоймас ұзаққа,
Крес қоя салмақпыз ба канторда
Аты-жөні тіркелмеген қазаққа?
Емін-еркін кең даланы мекендеп,
Ақ патшаға бас имеген бөтен деп,
Аталарым жаман болмақ қалайша
Отаршылдар жамандады екен деп,
Жоямыз ба аңыз болған ерлерді
Аты-жөні архивте жоқ екен деп?!
Тұнған тарих қасиетті даламыз,
Ақ сүтімен бірге берген анамыз,
Тарих қалай жазылады дегенге
Тағы да бір ой жүгіртсін санаңыз,
Аңыз, жырмен ұрпағына аманат
Өз тарихын айтып кеткен бабамыз,
Аяқ асты шаң-тозаңға алданбай
Тарих десең – аспан жаққа қараңыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу