Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  196


Автор: Баянғали Әлімжанов

МЕНІҢ АТАМ

Менің атам бар қазақтың шалдары,
Менің атам бар қазақтың аруағы,
Ата қазақ атын ұрпақ ұран ғып
Болашаққа бара жатыр алдағы!
Ата қазақ салып кеткен ізбенен,
Алты Алашым, ізгі жолды іздеген,
Аталарым алып, ұлы болмаса
Халық болып қалар ма едік біз деген!
Аталардай кең даланы сүйіп пе ең,
Аталардай ел мұңына күйіп пе ең?
Бұрын келіп
Бұрын кеткен аталар
Бізден бұрын
Ұшып жұр ғой биікте!
Үміт күткен ізін басқан ботадан,
Айнымайық ата берген батадан,
Ақыл – есі ауытқыған болмаса
Кім айтады артықпын деп атадан?!
Басынбасын десең егер бөтен ұлт
Бар тарихың болмасын де бекерлік,
Атын сақтап, ісін жалға атаңның
Апар алға, көбейте түс көтеріп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу