Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  81


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН АРСАЛАҢ айтысы

Арсалаң:
Алдында сөз сөйлейді қайран ақын,
Бұл жақта Садыр Найман маған жақын.
Найманның жүйрік шалы сөйлеп тұрса,
Сөйлемес егін құрған сірі тақым.
Бақтыбай:
Жігітке сулық қайда сұр шекпендей,
Жақсылар ажалсызға су сепкендей.
Дыбысыңды шығарма, балам Найман,
Маңдайыңды қылармын тай тепкендей.
Арсалаң:
Сөйлейін сөзіме сіз тойғандай қып,
Біржолата сөзіңді қойғандай қып.
Тайдың бір тепкеніне кім өледі,
Балтамен бір қояйын төбеңді ойғандай қып.
Бақтыбай:
Біздің ел Қараталға қонды ма екен,
Бұл жаққа Арғын, Найман толды ма екен?
Айранға қара талқан былғап жейсің,
Балығым содан жаман болды ма екен?
Арсалаң:
Бақтыбайым, білмедің қалайыңды,
Бұзармын ашулансам сарайыңды.
Қазыңның Тіленшідей қызын алып,
Алармын əлде болса талайыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу