Өлеңдер ✍️

  19.07.2022
  84


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН АРЫСТАН айтысы

Бақтыбай:
Сəлем берді Бақтыбай,
Атақты ақын Арыстан!
Арыстан ақын сен бе едің,
Сан ақынмен алысқан?
Əттақыяту лиллаһи деп,
Сəлем берген рəсулі,
Бір құдайға ғарыштан.
Құдауəнда достылар,
Мағыражда табысқан.
Аман-сəлем мирас боп,
Бізге содан қалысқан.
Найманда бар деп Арыстан
Дидарыңды көрмекке,
Құштар едім алыстан.
Еліңдегі бар ақын ызалы деп естідім,
Жеңіліп сізден намыстан.
Мен де қалып көрмеп ем,
Ұлы дүбір жарыстан.
Танбаушы едім өлеңге,
Жеті күнгі шабыстан.
Лебізіңді шығарғын,
Сөзіңізге құштармын,
Жеңіле берем, жеңсеңіз,
Мен өлмеймін намыстан.
Арыстан:
Уағалайкүмассалам,
Бақтыбай ақын аман ба?!
Дидар ғайып бар екен,
Көрісетін саған да.
Пайғамбардың сүндеті,
Мұсылманның міндеті,
Жасы кіші ағаға
Сəлем беру һəманда.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Ақын деген ат қонып,
Арыстан атым жайылған,
Жақсы менен жаманға.
Жалайырдың ақыны
Бақтыбайды естіп ем,
Сыйынад деп аруағы
Қабылиса – Қабанға.
Ақынның атын ел білер,
Елде де бар жөн білер.
Сыйласқанға не жетсін,
Аман менен саламға.
Бақтыбай:
Жақсы айттың Арғын, Найман Арыстаны,
Атақты ақын едің дабыстағы.
Арғын менен Найманда ақын көп деп,
Естілген баяғыда-ақ дабыстары.
Сіз болсаң ақындардың арыстаны,
Өзгесі аю, қасқыр, барыс тағы.
Бəрінен озып жүрген сіз екенсіз,
Барыстай еркін жүрген қамыстағы.
Естіген атағыңды Жалайыр да,
Ақынның жығылар деп алысқаны.
Ел – теңіз, жүзіп жүрген ақын – кеме,
Нəсібі елде емес пе табыстары.
Есітіп лебізіңді үлгі алмаққа,
Керісті Бақтыбай да алыстағы.
Келіп ем ұлы дүбір ас б олған соң,
Сізбенен келгемін жоқ алысқалы.
Шын жүйрік нысанаға бұрын жетер,
Арман ғып шуласады қалысқаны.
Ел салты ердің асы болған жерде
Ақынның, аттың болар жарысқаны.
Елінің байын мақтап, биін мақтап,
Епетейсіз болып жатыр қағысқаны.
Түзелді ел іргесі осы күні,
Тоқталып Үйсін, Найман шабысқаны.
Сайраған қаусырма жақ, қызыл тілдің
Жөн бе екен сізді көріп қарысқаны.
Осымен сөз аяғы тəмəм болсын,
Найманның ақынының данышпаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу