18.07.2022
  395


Автор: Жақсылық Рахматулла

ҚАРАЛЫ КҮН

Бұл күн әкеңнің туған күні еді. 61 жасқа толып, бес мүшелден аман- есен өттім деп шүкіршілік етіп отырғанда, төбемізден жай түскендей болды. Иә, иә 18-ші қыркүйек күні сағат 8.30-да қайғының қара бұлты біздің үйді торлап алды. Естен танып түстім. Көзім қарауытып, ештеңені де көрмеймін.
Алғашқыда Әнуар жол апатынан қайтыс болды, – дегенде сенбей қалдым. Себебі, машинаның сақтандыру «подушкасы», – бар еді ғой. Хабар айтушылар «машина соғысқан жоқ, аударылыпты», – деді. Онда да сенбедім: – Мүмкін емес, Әнуар машинаны жақсы айдайды, балама сенімдімін, – дедім.
Рульде Олжас болған.
Сананың қабылдағаны көлікте бес адам бар екен. Олжас 13 күн «ко- мада» жатып, есін жинай алмай ол да қайтпас сапарға аттанды. Данияр мен бір қыз аяқ-қолдары сынып, емханаға түскен. Ғалымжанға ешнәрсе болмаған. Осындай жағдай анаға оңай тие ме? Бетін аулақ қылсын, ең ауыр тауқымет осы ғой.
Менің пайымдауымша, сен ұзақ жасауың тиіс еді. Оны даналық кітаптан оқығанмын. Құлағы үлкен, әсіресе төменгі жағы жұмсақ, әрі үлкен болса оны ақылды, зерек, ақкөңіл, адамгершілігі жоғары болады деп жорамалдаған. Сондай-ақ радиодан тыңдағанымдай, анасын ұзақ емген бала ақылы асқақ келеді деген-ді. Ұмытпаған шығарсың, сен бес жасқа дейін емген едің ғой. Соны айтып отырмын. Осындай белгілер сенің келешегіңді көздетіп, алдын ала білдірген еді. Бірақ жалған дү- ние жалғандығын жасады. Оған жеткізбеді. Өзекті өртеген өкініш жа- нымды жегідей жеді. Шынымды айтсам, көпке дейін сенбей көшеге қарайлап жүрдім. Астана жақта жүргендей сезілді. Әні-міні дегенше келіп қалатындай елегізіп, еріксіз есікке қарай беретін едім. Олжастың қырқына барғанда үміт оты ойымнан біржола өшті. Дүбір халықтың ішінде сен болмадың. Тағаттана іздеймін, бірақ таппадым. Бәлкім тыста жүр ме дедім. Онда да көрінбедің. Астанада жоқ екеніңе көзім енді жетті. Жылай бердім, жылай бердім. Әнуар-ай, қолымнан басқа не келеді. Біз мәңгіге қоштасқанымызды білгенімде жер басып жүргім келмей кетті. Білесің бе, ананың арманы баласының амандығы ғана ғой. Мұнан басқа басты тілегі болмайды. Сен Астанадан қайтып келмейтініңді білгенімде жібермес едім ғой. Қалай осы жолы алжастым екен. Соны ойлай-ойлай басым ісіп кетті. Сәуегей де емеспіз, алдын ала жорамал жасай қоятын. Ең болмағанда Құдай да бірдеңесін білдіріп, сездірмеді де ғой. Анаңның басқа амалы жоқ, іштей мүжіліп барады. Түсінесің бе, ботақаным?

Бүгін біз шешіліп сөйлесіп отырғандаймыз. Бұрын дәл бұлай сыр- ласып, ақтарылған емеспіз. Иә, иә солай ғой, Әнуар. Бұл жолы сенің өмірге шыр етіп келген сәтіңді сабақтаймын.
Сені жеті айлығыңда ота жасау арқылы босандым. Өте әлжуаз, бірақ бойшаң едің. Алайда тез жетілдің, ауырған да емессің. Ол кезде орталықта, алаңның қасында (Желтоқсан көшесі, 6 үй, 13 пәтер) этаж үйде тұратынбыз. Көп қабатты үйде қора-қопсы болмаған соң, мал қай- дан болсын, сатулы тіршілікке үйренгенбіз. Бірақ әкең сен үшін сиыр сатып алды. Оны жер үйде, таныстарында ұстады. Сауылған сүтті қыз- меттік көлігі бола тұрып, әкең автобуспен тасып тұрды. Әйтеуір сол адал мал қажетімізге көп жарады, жетілуіңе көмегі көп тиді.
Қазір ойласам, бәрі қызық еді. Қылығың, былдырлап шыққан тілің тәтті болатын. Көргеніңді лезде қағып алып, сол бойы қайталаушы едің. Зерек қабілетің сол кезден қалыптасты. Алғашқы сөзің мама, пападан басталды. Сонда әкең саған: – Балам, біз қазақпыз ғой, мама мен папа дегенің орыстың сөзі, бұдан былай апа, әке деуің керек, – деді. Осыны бірден жаттап алып, өміріңнің соңына дейін солай атап кеттің. Манар- бек ағаң мен Динара тәтең орыс мектебінде оқыды ғой, сен соларды
«орыс» деуші едің. Ал, балабақшаға барғанда ше, ән айтудың шебері едің ғой. Тәрбиеші Рая апайың да әнді жақсы көретін. Ол қалай орын- дайды, сен сол замат жаттап аласың. Нақышына келтіріп, әуенін бұзбай айтқаныңа апайың риза болушы еді. Түсте балалар жаппай ұйықтағанда сен төсектің үстінде отырады екенсің. Өйткені, ұйықтағанды онша жақсы көрмейтінсің. Содан апайларың сені амалсыз шайға шақырады. Солармен қосылып, күнде шай ішетініңді біліп, сен үшін шай, конфет апарып беруші едім. Осындай күндер де өткен, Әнуар.
Балабақшадан қайтқанда сөз жоқ, дүкенге соғамыз. Сол кезде жай- мен ғана мені түртесің де: – Апа, ақшаң бар ма, – дейсің. Бар десем ғана, өзіңе қажеттіні алып берші дейтінсің. Мұны аңғарған сатушы: – Неткен ақылды бала, – деп таңырқаушы еді. Сөйткен Әнуарым, сен келмеске кете бардың. Қапыда айырылып қаламын деген ой менде болды ма? Ботақаным-ау, сезесің бе, соны?
– Апа, жыламашы дейтін сияқтысың. Білем, көзден артық жас тө- гу саған да ауыр тиетінін. Мен тағдырға налып жылаймын ғой, Әнуар балам.
Әлі есімде, шамасы 6 немесе 7 жасыңда менен 100 теңге сұрап, оған қорғасын, тері сатып алып, ләңгі жасап сатамын дедің. Бұған әкең күліп: – Мұндай тірлікке талпынатын болсаң мен саған 300 теңге беремін, – деді. Содан екеулеп жүріп, қорғасынды еріттік. Қанша қа- сықты құртқанымызды білмеймін, бәрібір ештеңе шығара алмадық.

Кешке әкең жұмыстан келген соң бізден: – Ләңгі бизнестеріңнен қанша пайда таптыңдар? – деді.
– Әке, бүгінгі іс нәтиже бермеді. Мүмкін келесі кезекте де түк пай- да болмай қалуы ықтимал, – дедің сен. Сонымен 300 теңге далаға кетті. Бұл да естелік екен ғой. Еске түскен соң айтып отырғаным ғой.
Әнуар, сен кішкентайыңнан машинаға құмар болатынсың. Көктем келгеннен бастап саяжайға барайық деп тынымсыздана бастайсың. Өйткені, көліктің алдыңғы орындығына отырғанды ұнатушы едің. Тіпті Арайға кіре берістен бастап рульге әкеңмен қабаттасып айдауға ұмтыласың. Ал, алдыңғы орында отырғаның үшін әкең талай рет ГАИ- ға айыппұл төледі. Кейде ГАИ көрінсе балам тығыл деймін. Сен жата қаласың. Сөйтіп те талай аман құтылған кездеріміз болған.
Әнуар, сен машиналардың маркасын айтпай танитын едің ғой. Сыр- дарияда газетте істейтін Бақыт Башеев ағаң таңырқаушы еді. – Үйде шо- фер жоқ, алайда Әнуар машинаның маркаларын қайдан біле береді деп. Сенің осындай озық қырларың, артықшылықтарың асқақ еді. Әйткен- мен мына өмірге сыймай кеттің-ау, құлыным.
Жаздың күні саяжайда түнде сені арқалап жүргенде ай төбемізде қалқып жүзіп жүретін.
– Сен, сонда апа, аспанда ай не істеп жүр? – деп сұрайтынсың.
Сонда мен саған өзімше мақтаныш сезіммен әңгіме айтып беретін едім ғой, есіңде ме?
– Ай сенің әкең, ол – сені, мені, сенің бауырларыңды түнде қорықпай жүрсін деп төбемізден қарап жүр, – дейтінмін.
– Ал, жұлдыздар ше? – деп сұрайсың тағы.
– Олар сенің бауырларың, туыстарың, әне, қарамайсың ба, олар көп қой, сенімен ойнап, қыдырып жүр, – дейтінмін.
Бес жасар кезіңде саған «грыжа» деп ота жасалды. Денені уақытша жансыздандырып, ұйықтататын «Коллипсоль» деген укол болатын. Ол уколдың ұйықтағанда аспанға ұшып кететіндей әсері болатын. Сол укол саған салынған екен. Отадан кейін дәрігер мен медбике палатаға әкеліп жатқызғанда, сен оянып кеттің де: – Апа, мен туысқандарыма бардым, – дедің. Біз түсінбей шошып кеттік. Кейін менің саған айтқан әңгімемнің нәтижесі екенін білдік.
Балабақшаны бітіріп, барлық бала мектепке ілінді де, сенің жасың жетпеді. Сонан оқығым келеді деп қыңқылға бастың. Амал жоқ, №3 гимназияға апардым. Олар қабылдады. Бірақ бірінші сынып толық де- ген соң дайындық сыныбына ауыстырды. Мұнысын сен менсінбедің бе, әйтеуір оқимын деген талабың су сепкендей басылды да қалды. Арада бір айдай уақыт өтті. Ал, Дәулет көкесі келіп: – Қожеке, оқи алмадың ба? – деп намысын онан сайын қайрап берді. Содан сен қайраттанып кетіп, оқуға шындап кірістің. Сабақ таңертең. Ерте тұру керек. Мен үнемі «Әнутай» деп еркелетіп оятамын. Әбден әдетке айналса керек, бірде сен «Апа, маған демалыс күні «Әнутай» демей-ақ қойшы, мен сабаққа барады екенмін деп қаламын» дейтінің есіңде шығар.
Әрине мектепте жақсы оқыдың, тәртібің де тәуір болды. Достарың көп еді, барлығы біздің үйге жиналып ұзақ айнайтын. Тіпті қонып қалатын да кездері бар. Ал, ата-аналары балаларының Әнуардың үйінде екенін білсе уайымдамайтын еді. Әкең кейде ренжіп қоятын. Үйдің ай- наласы топыр-топыр балаға қаптап кетті деп. Сен қалай арамыздан кеттің, достарың да үйге келмей кетті. Енді сол «топырды» сағынатын болып жүрмін.
Мен үлкен ағаңның төбелесіп келгенін талай көргенмін. Ол кезде район-район болып шекісетін. Ал, сен болсаң қыздай инабатты болып өстің. Студент кезіңде де қараңғылық қалай түседі мен телефон арқылы іздеуге кірісемін. «Қазір барамын, апа» дейсің сосын. Келгеннен кейін
«апа ренжіген жоқсың ба» деп кешірім сұрап қоясың да «мені қыздан бе- тер іздейсің» дейсің. Сөйтсем араларыңдағы қыздардың өзін ата-анала- ры мен секілді іздей қоймайды екен. Қайтем енді әлі кішкентай көрінесің маған. Шынымды айтсам, балам сені қыздардан да қызғанатын едім. Үйлену жөнінде тіпті ойламаппын да.
Әнуар бір күні саған мені неге «сен» деп атайсың дедім. Сөйтсем сенің ойың басқа болып шықты. – Апа, бөтен адамды «сіз» дейді. Ал, сен маған ең жақын адамсың, – дедің. Бұл да жөн екен. Оншалықты мән бере қоймайды екенбіз ғой.
Соңғы жаз айында екеуміз үнемі бірге болдық. «Мерке» дема- лыс үйінде, Алматыда, сосын әкеміздің нағашылары тұратын Арыста, Арыстанбабта түнеп, Түркістанда тілеп қайттық. Астанаға машинамен шықтық. Екпінге ерік беріп, көлікті үдете айдадың. Сонан соң: «Апа көрдің бе, аттың басы бой бермей келеді», – деп айтып қалдың. Мен ақылымды айтып, ақырын жүріп, абай болған дұрыс дедім. Аттың басын жіберсек, бәрінен озып кетеміз ғой деп басу сөзімді білдіріп те қойдым. Сен түсіндің, сабыр сақтадың. Өзің ақылың бар баламсың, бәрін де қабылдап отыратын едің. Тез нәтиже шығаратын шешімің маған қатты ұнайтын. Өйткені түсінетін адам ғана солай жасайды.
Осы жазда көп ойланатының байқалды. Кәдімгідей есейгеніңді сез- діріп, бала-шағасы бар адамдардай өмірмен күресуге талпынған тала- быңды таныттың. «Апа, құдай қаласа университетті биыл бітіремін, енді төрт айдай ғана сабақ қалды. Ары қарай практика, мемлекеттік емтихан, диплом қорғау екен. Лекцияға қатысу еркіндігін алсам, сенің кішкентай жұмысыңды үлкейтудің жолын қарастыруды мақсат етіп жүрмін. Ғалия жеңгем екеуміз шағын баспахананың ісін Аста- нада жалғастырып, жұмысты жандандыруды көздеп отырмын», – де- геніңе қуанбасам оған қарсылық білдірген жоқпын. Келешекке кемел көзқараспен көз тастаған ниетіңді іштей қолдап, істің сәтін тәңірден сұрадым. Әке-шеше балаға сыншы ғой, перзентімнің пайымын бес сау- сақтай білемін. Компьютердің маңызына мән беріп, Бақытжан ағаң- нан көп нәрсе үйреніпсің. Оны Астанаға барғанда компьютермен мен көрмеген небір күрделі композицияларды, дизайнды жасағаныңда мойындаған едім. Содан үмітім артты. Бұл жайында әкеңе айтқанда ол да қатты қуанды. Сөйтіп сенің тілеуіңді тілеп, мақсатыңа қамқорлық жасауды міндетке алдық. Өзіңе де оны мәлімдедім.
– Шырағым, нарық заманында тірлік кешіп, тырбанбаса болмайды. Ертең үйленіп, ұрпақ сүйесің. Соларды бағып-қағу оңай емес. Кәсіпті дөңгелету үшін капитал керек. Осы бастан жұмыс бастаймын дегенің орынды. Әлі-ақ сен президент, Ғалия директор болып, істерің ілгері ба- сады», – деп едім. «Сен шынымен маған сеніп тапсырасың ба?», – деп қуанып кеттің ғой сонда.
Қайран өмір, беу дүние-ай, осылай келіскен ойымыз да орындал- май қалды. Алдағы мақсат-межені сен кімге тастап кеттің, құлыным. Айта қойшы, құлыным, мен енді не істеуім керек. Анаң әбден шаршады ғой. Ойлана да, уайымдай да ішім шерге толды. Оны қалай тарқатамын. Денедегі жара жазылар, ал жүректегі жара қалай жазылады? Мендегі қазіргі күйік осы.
Тағдыр-талақ арманымды азан-қазан етті. Ажал ажарыңа да қа- рамайды. Базарыңа да қарамайды дегені осы ма? Бір күн туасың, бір күн өлесің деген табиғат заңдылығын ұғамын, бірақ тіршіліктің тәттілігін дұрыстап татпаған тұяғымды мезгілсіз жалмап кетуге бола ма? Ақын Жүсіп Баласағұн «Өмір деген қып-қысқа көрген түстей, қадірін білген дұрыс көрге түспей», – депті. Ботақаным, өмірдің қадірін сезінуге де үлгерген жоқсың ғой, сен.
Өзіңсіз өмір өтіп жатыр. Алайда мұңлы. Сондықтан сенімім сал- қын, болашаққа деген болжамым бос. Құлыным, қырық, жүз күндігіңді өткіздік. Елдің қайғымен бөліскен рахымына рахмет, көңіл айтып жатыр ғой. Сіздерге тек қуаныш тілеймін. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдар да көңіл қосын білдіріп, тауқыметті тарқатуға ниетін жеткізді. Оларға да айтарым әлгіндей, ұжымдарыңызда ауыртпалық болмасын. Ал, енді Әнуар сенің достарың да «Сыр бойы» газетіне еске алу берді. Соны оқып, біраз жылап алдым. Ол былай: «Ақ парақты алып аңтарылып тұрмыз. Не жазамыз. Білесің бе, әлі сенбейміз, Әнуар. Келіп қалатындай көрінесің де көп ішінен келбетіңді іздейміз. Бірақ бейнең- ді байқамаймыз. Бәлкім жанымызда тұрған шығарсың, Әнуар. Неге үндемейсің. Әлде бір демде достарыңды тастап, көкке ұшып кеткенсің бе, Әнуар. Астанаға аттанарда тез қайтамын деп қысқа қоштасып едік, мұнымыз мәңгілікке айналғаны ма, Әнуар. Жүз күннен бері жүздесуге келмегенің, сағынсын дегенің бе, Әнуар. Уа, тағдыр неге бұлай еттің жас желкенді. Жақсы болғасын жаныңа жинағаның ба, бұл қалай? Біз осыған түсінбей, досымызды жоқтап жүрміз. Жалған дүниенің жаттығы осы болып, жасы кіші демей жабыса кеткенің не, ажал. Қабырғамызды қайыстырып, жанымызды жабырқатқан осы оқиға жан досымызды жырақтап әкетті. Содан бергі жүз күн жүз жылға татитындай салмақ салды. Амал нешік, адам неге көнбейді, шырылдаймыз, шыдаймыз. До- сымыз Әнуар Рахматуллаевты еске ала отырып, оның пейілі кең, па- расаты мықты азаматтық белгісін жүрегімізге жазып қойдық. Біздің ендігі борышымыз артынан дұға оқып, жақсы мінезін, қалтқысыз достық пейілін әңгімеге арқау ету. Бұдан басқа қолымыздан келетін не шара бар. Жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын, Әнуар. Еске алушы достары.»
Әкең де қиналып жүр. Еркек адам ішіндегісін ақтара бермейді ғой. Шығармашылық адамының жаны нәзіктеу, сыршыл келеді. Сондықтан жүректегі жарасын жырмен жазады. «Егемен Қазақстан» газетінде әкеңнің сені жоқтап жазған элегиясы шықты. Тыңдашы құлыным, сай- сүйегіңді сырқыратардай мұңға толы, шердің ащы шындығын арқау еткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу