Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  266


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН МƏЙКЕ айтысы

Бақтыбай:
Кітапта қисса болар жазған өлең,
Шерменде пенде, сірə, бар ма менен.
Жатқанда бидай орып орақпенен,
Айтыстым Мəйке қызбен іздеп келген.
Жасымнан ел аралап халық көрдім,
Болсам да өзім кедей, нарық көрдім.
Түскенде ел жайлаудан өлең айтып,
Бір сапар Найман жаққа барып келдім.
Қызыл тіл өнерімнің арқасында,
Бес жылқы, елу теңге алып келдім.
Бұ дүние опасы жоқ жалған екен,
Адамға қылмаған іс арман екен.
Кеткенде жолаушылап, ел аралап,
Бəрі де шаруамның қалған екен.
Шұбарға бидай салдым, біраз тары,
Адамның дұшпаны екен алған жары.
Басыма қатын, балам қайғы салды,
Жеді деп егініңді байдың малы.
Сол жерде қайғы түсті батырыңа,
Еш нəрсе тиянақсыз ақылыма.
Мазамды келген жерден кетірдің деп,
Еркексіп қоқаңдадым қатыныма.
Сол жерде бəйбішемнен кетті мазам,
Өзіме азар болды қылған жазам.
Бидайды асарлатып орғызбаққа
Істеттім бидай көже екі қазан.
Өмірге кім жетеді өткенменен,
Аяққа кидім шоқай, шекпенменен.
Пендеге дүниелік қиын екен,
Жалғанда жаксылыққа жеткенменен.
Үстіме шоқай етік, кидім шекпен,
Қолыма орыс орақ, алдым кетпен.
Əулігіп ел қыдырып жүремін деп,
Оратын бидайдың да уағы өткен.
Бидайды орайын деп икемдедім,
Қолыма орақ алып түйтеңдедім.
Төбесі кезден ұзын киіз қалпақ,
Міндім де, бір сиырға итеңдедім.
Бидайдың өзі піскен аса шөлдеп,
Болып тұр мойны сынып, құрап өлмек.
Шаруамды төкпей жинап алайын деп,
Келгенім сол-ақ болды күйбелеңдеп.
Бір сиырды міндім де, шықтым үйден,
Артыма екі қарын көже теңдеп.
Бидайға сəске түсте жетіп бардым,
Бардым да пісіміллə деп орақ салдым.
Отыз бау түске дейін байлап тастап,
Басында бір қырманның демімді алдым.
Жаратты ақын қылып хақ тағала,
Үйдегі не демейді қатын-бала.
Көз салып ауыл жаққа қарап тұрсам,
Келеді тура жүріп жалғыз қара.
Қасыма ер Меңлібай жетіп келді,
Келді де, «Бақтыбай» деп сəлем берді.
«Секілді қортық қошқар жазғаным-ай,
Басыңды бермен қарай көтер» деді.
«Ауылға Сыпатайдан бір қыз келді,
Өнері сенен артық екен» деді.
«Жалғанда мұндай жорға көргенім жоқ,
Дəл сенің ақындығың бекер» деді.
«Өзім-ақ деп қоқандап жүруші едің,
Ажалың осы қыздан жетер» деді.
Ертіске ел қайтқанда түсер кеме,
Мақтадың, ей, Меңлібай, мұнша неге?
Алдыма адам ұлы түскен емес,
Қашырма дегбірімді жаман неме.
Бақ тайса, патша түсер алтын тақтан,
Жаһанда бір біз емес өнер тапқан.
Сөйлесіп Меңлібаймен отырғанда,
Көрінді бір шоқ қара ауыл жақтан.
Топтанып бізге таман жақын келді,
Ішінде бір қызы бар үкі таққан.
Ауылдан бір топ адам шыға келді,
Екпіні Шаңғарақтың соққан желі.
Қолында сырлап қойған сар домбыра,
Түрленген тоты құстай бір қыз келді.
Жан екен сыны түзу сырлы аяқтай,
Бақаның жерде тұрып көзі көрді.
Қыз екен қызыл сары, бойы сұңғақ,
Қолына сары домбыра алған сырлап.
Аққудай желді күнгі аспанға өрлеп,
Толқытып шығарып тұр əннен ырғақ.
Қызығып қыз сөзіне бойы балқып,
Еңкейіп тұра берді Бақаң толқып.
Көрген соң Бақтыбайды олқысынып,
Төрт ауыз өлең айтты Мəйке шалқып.
Қыз келіп Меңлібайға жауап қылды,
«Шығып ем, басшы қылып, аға», – деді.
«Бұл сорлы егіншіге көп сөйлестің,
Іздеген Бақтыбайым осы ма еді?»
Мəйке:
Бақтыбай топтан шыққан ақын еді,
Ақынға ақын адам жақын еді.
Естігем Алатаудай атағыңды,
Көңілім атағыңа балқып еді.
Жаралып топырақтан Адам ата,
Əйелден еркек заты артық еді.
Ұмыттың Адам ата жолын неге,
Қадірлеп үйден күтіп жатыр едім.
Жалайыр көп мақтаған ісіңізді,
Өнермен тілге біткен күшіңізді.
Көрген соң көңілім менің жабырқады,
Күйкиген, күн қақтаған түсіңізді.
Бақтыбай:
Көңілің дария, мұхит көл еді ме-ай,
Екпінің қазандағы жел еді ме-ай,
Тұрмысың қорашсынып, қарындасым,
Іздеген Бақтыбайың мен едім-ай.
Көңілім осы күні басылып жүр,
Əркім-ақ дəулеттіге бас ұрып жүр.
Үстімде шолақ шекпен, шоқай етік,
Кедейлік берекемді қашырып жүр.
Бұтымда жеті жылғы қатқан шалбар,
Əр жерден əбиірім ашылып жүр.
Бақтыбай тау суындай қылтыңдап жүр,
Буыным бидай орып, сыртылдап жүр.
Бір сиыр əрі көлік, əрі сауын,
Жоқшылық сынап мені сыр тыңдап жүр.
Жасымнан сөйлеп жүрген сөзім еді,
Сыртыңнан естіп едім, көзім көрді.
Айта бер маған келген жұмысыңды,
Шұбарда құдай айдап кезің келді.
Мəйке:
Абылай аты шыққан үш төре боп,
Көк шығар көктемеде тістеме боп.
«Дүбірің тұлпардайын жер жарады,
Туғансың неғып қортық, кішкене боп?
Ертіске ел қайтқанда түсер кеме,
Бұл сөзді неге бұлай айттың деме.
Даңқыңыз Жалайырды шулатып жүр,
Қортық боп тудың, сорлы, мұнша неге?
Бақтыбай:
Лəуқол мақпоз ғаламда
Дүниенің бəрі сызылды.
Естіп едім сыртыңнан,
Көріп көңілім бұзылды.
Көп өнерің бар екен,
Жаның сенің ғұмырлы,
Мен арыстан, сен маймыл,
Байқап бас, қарақ, ізімді.
Келтірмегін ашуды,
Тау суындай тасуды.
Білемісің нəсілді,
Мен сияқты асылды.
Он бес жасқа келгенде,
Аруағым жұртқа шашылды.
Перінің қызы болсаң да,
Кемітпе, Мəйке, басымды.
Қарағын шамасына мыс пен қола,
Шырағым, өкпелеме бойға бола.
Болғанмен бойым тапал, ойым биік
Кеудемде шірімейтін алтын тола.
Өмірі Бақтыбайдың осы-ақ деме,
Келгемін шаруам үшін бидай ора.
Көктегі мен бір ақ тұйғын
Көлден аққу ілетін,
Таудағы жүрген ақ иық,
Бақаң бүркіт емес пе,
Таудан түлкі ілетін.
Нарқымды білсең, Мəйке қыз,
Жөнің емес күлетін.
Сары тоғайда қырғауыл,
Мəйкетай, сіз емес пе?
Кəрі тарлан қыранның,
Үйрек пенен тоты құс
Қанша жарлы болса да,
Алқымында жүретін.
Мəйке:
Қызыр шалып, бақ қонған,
Ескелді деген атаңа.
Мақшарда құдай сүймеген,
Меккенің дəмін тата ма?
Көрмекке іздеп келіп ем,
Жалайырға сүйікті
Тіліңе біткен опаңа.
Қалжың да болса тоқтадым,
Аузымнан шыққан қатама.
Рұқсат етсең келіп ем,
Алайын деп батаңа.
Бақтыбай:
Өзен судай кемелім,
Салқын үйде отырсам,
Шығар еді өнерім.
Əрі-бері сапырсам,
Қырыққа жасым келгенмен,
Əзілдесіп-ойнауға
Қыздар деген шіркінмен
Əлі күнге шебер ем.
Жараймысың жалғыз-ақ,
Əйел бала сен болсаң,
Өлеңім бəрі кетсе де,
Үлесіңді берер ем.
Мəйке:
Ақынсынып, Бақтыбай,
Орынсыз сөйлеп желікпе.
Еркек – дарақ, біз – бұтақ,
Аңғарып айт, демікпе.
Əйел – адам баласы,
Бір жақтан ауып келіп пе?
Қыз да болсам мен сені,
Жібермеймін ерікке.
Өзіңді-өзің жампоздап,
Əйелді сонша кемітпе.
Сөзімнің қайтар есесін,
Ақылмен ойлап шешесің.
Ақыретті ойласаң,
Дүниеден безесің.
Жаман болса ұрғашы,
Жазы-қысы тыным жоқ,
Азбан бұқа тəрізді
Көрінгенге күл шашып,
Жазған-ау, неге кезесің?
Бақтыбай:
Бақтыбай қып құдайым,
Жасымнан мені жаратты.
Іштен жемек уажіп,
Пендеге берген санақты.
Арсалаң ақын, Құлмамбет,
Түбек пенен Жанақты.
Айтыспақ түгіл бұларды,
Нұсқауымнан қамапты.
Үш кессе де жыланды,
Кесіртке əлім бар-ақ-ты.
Араладым бір талай,
Абақ пенен Тарақты.
Өлеңменен айтыста
Тартушы едім қадақты.
Таразыға түскенде
Тартынбай сөйле, Мəйкежан,
Бала екенсің талапты.
Сен қандайсың, мен қандай,
Белгілі болар əлі-ақ-ты.
Мен – ақ тұйғын, сен – торғай,
Жаздым, міне, қанатты.
Мəйке:
Ілгері кеткен егдесің,
Құнанда, тайда табың жоқ.
Бақтыбай, сорлы кедейсің,
Байлықтан біткен бағың жоқ.
Осынша неге мақтандың,
Көрмегендей шағың жоқ.
Мақтаныш еш береке өнбегендей,
Қайда бар мал мен басың өрлегендей.
Аттыдай жаяу жүріп мақтанғанмен,
Мұныңмен сөз орнына келмегендей.
Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын,
Мияулап, мауық іздеп шөлдегендей.
Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың,
Жайыңды Мəйке барып көрмегендей.
Бақтыбай:
Жайымды, Мəйке, барып көрген болсаң,
Сөзіңді түзу сөйле, мерген болсаң.
Алысса екі балуан бірі құлар,
Əдейі күреспекке келген болсаң.
Бəстесіп айтысуға мен дайынмын,
Жеңуге өзіңе-өзің сенген болсаң,
Жеңілсең, Мəйкеш, мендік болар ма едің,
Шын айтшы, ана сүтін емген болсаң?
Тартынбай енді, Мəйке, сөйлей бергін,
Сөзіме əлгі айтқан көнген болсаң.
Жаратты Бақтыбай ғып құдай мені,
Бір сөздің айтатұғын келді жөні.
Келді ме түлен түртіп сен бейбақты,
Қалайын бір айттырып келсе жөні.
Мəйке:
Жақсы айтасың, Бақтыбай,
Тандайыңда бағың бар.
Қалың малға жеткендей,
Жазған-ау, қанша малың бар?
Көрініп тұрған түгің жоқ,
Көрсетпей жиған қазына,
Қанша сенің халың бар?
Күшік деген халықта
Некелеп қойған жарым бар.
Қарасуда балық бар,
Айтқан сөзде парық бар.
Бес-алты айда кетемін,
Жігіт болсаң, алып қал.
Бақтыбай:
Кедейсініп отырсың,
Төркіні сөздің солай ғой.
Шындап кетсем, Мəйкежан,
Алуым сені оңай ғой.
Жалайыр басын бір қосқан,
Барармын өйтсең жиынға.
Қалың малым жетпей ме,
Түтінге бес-он тиынға.
Əрі-бері сөйлесем,
Шығарармын шиіңді,
Өлеңменен уқалап,
Қандырармын иіңді.
Мен – қаршыға, сен – үйрек,
Ілейін деп түйілдім.
Қалың малды қоя тұр,
Үйіңе барып істей бер
Киетұғын киімді.
Мəйке:
Өзіңше сенің көңілің,
Жанып тұрған шаладай.
Əңгір-əңгір сөйледің,
Бастықпаған танадай.
Əлі келген ат-түйе,
Бата-аяқ алып барады-ай.
Ат-түйені қоя тұр,
Ертең ұят болмасын,
Бата-аяққа беруге
Қотыр бұзау таба алмай.
Əулікпе, Бақа, əулікпе,
Өз шамаңды шамалай.
Қор боларсың, байғұсым,
Екі қатын алған соң,
Көзің болар шарадай.
Елге күлкі боларсың,
Мал тауып беріп Мəйкені
Тоқалдыққа ала алмай.
Ел бетіне жүрмегін
Ұялғаннан қарамай.
Ақын Мəйке келгенде,
Нұрлы жүзін көргенде.
Əлек болып жұлқындың,
Азбан бұқа сықылды
Топырақ шаштың далаға-ай.
Бақтыбай:
Аламын десем мен сені
Жалайыр берер көмегін,
Жалғыз-ақ Мəйке, айтайын,
Жалғыз атты қу кедей,
Сорлы екенсің демегін.
Басылып жатқан қазынам –
Таңдайға біткен өлеңім.
Домбыраны қолға алып,
Біраз ғана желемін.
Жасырмаймын, кедеймін,
Елден нəсіп теремін.
Бір қыздың малы немене,
Бір жылда-ақ тауып беремін.
Кемітуің жөн бе екен,
Адамзаттың баласын
Айуанға теңедің.
Жаныма менің тигенің,
О да мені сүйгенің.
Өнерлі туған ер еді,
Алсын мені дегенің.
Жалайырға барармын,
Домбырамды қағармын.
Ерегіссем малыңды,
Жеті-ақ күнде табармын.
Мəйке:
Қыз да болса Мəйке қыз,
Көрген сендей талайды.
Орнатпас па ең бай болсаң,
Ағаш үйден сарайды.
Шамаң келсе алып қал,
Өнері бар Мəйке қыз
Бір кəдеңе жарайды.
Тыңда сөзді ұғынып,
Сөйлейсің, Бақа, құбылып.
Катының жаман болған соң,
Үйің сенің қалыпты
Бір арықка тығылып.
Байқап келдім күйің жоқ,
Дүбірлеп тұрған үйің жоқ.
Үйіңнің сенің ішінде
Ораулы тұрған шиің жоқ.
Мақтанасың, пақырым,
Штансыз отыр қатының,
Қай жаққа кеткен ақылың?
Бақтыбай:
Мəйкешім, айналайын, ақылыңнан,
Жалғанда қорлық көрдім қатынымнан.
Берсем де ердің құнын сені алайын,
Үйдегі озар болсаң «батырымнан».
Мал шығын ғып алмаймын,
Жəйіттен сен аспасаң.
Боласың жақсы бəйбіше,
Шаруаны бекер шашпасаң.
Мен кетсем қаңғып ұзаққа,
Сен кетсең каңғып бір жаққа.
Хас масқара болармыз,
Осы күнгі, шырағым,
Жүрісіңді бастасаң.
Сонда қызық болармыз,
Шаруаны сүйтіп тастасаң.
Қарағым, Мəйке, баласың.
Балалықпен білмейсің
Адамның байқап бағасын.
Ақылың маған жеткен жоқ,
Білместіктен, қарағым,
Кедейсің деп шаласың.
Ескелді, Естай бір туған,
Айтайын сөздің сарасын.
Халқымды менің білмедің,
Сиыршы деген елім бай,
Дегенменен баласың,
Шұбар деген жерім бай,
Сиыршының беремін,
Сиырының бір жылғы
Азар болса танасын.
Онда құдай бермей ме,
Бақтыбайдың шамасын?
Не десең о де, Мəйке қыз,
Тірі жүрсең, əйтеуір,
Бақаңның отын жағасың.
Мəйке:
Қыз да болса Мəйке қыз
Сиыршы жайын біледі.
Сенің айтқан сөзіңе
Естіген ел күледі.
Қанша айтсаң да келмейді,
Еліңнің сенің реңі.
Бақалшы боп бəрі құрыған,
Бір тиынды пайда деп,
Жол тосумен жүреді.
Андас, мырза сияқты
Бай боп қашан жүреді?
Сиыршының қыздары
Ақ бидайды ора алмай,
Бороздаға сүрінген.
Қатқан шалбар, қу шекпен,
Үстінде жүр сүрілген.
Қанша қатын алып ең,
Бұдан бұрын тіліңмен?
Мұның сенің əлек қой,
Əншейін бір бүлінген.
Құмар едім, Бақтыбай,
Бір көрмекке өзіңді.
Не десең де, байғұс-ау,
Ала алмассың өзімді.
Шұбарда құдай келтірді,
Бақтыбай сенің көзіңді.
Бақтыбай кисық, кыңыр ең,
Бүгінгі күн кез қылды
Түзететін тезіңді.
Қораң толған малың жоқ,
Кедейсің, сорлы, халың жоқ,
Кім сөйлейді сөзіңді?
Бақтыбай:
Байтуған тартар атымды
Сөйлейтұғын ерінбей.
Байтұрбай сөйлер сөзімді,
Ебінің соққан желіндей.
Бекмұханбет ол сөйлер,
Өзгеден гөрі мол сөйлер.
Атасы Балпық емес пе,
Қазанның асу беліндей.
Исабек сөйлер сөзімді
Бейбіт бидің баласы,
Сөйлейтін топта шегінбей.
Байқоржын мен Тарағым,
О де менің қарағым,
О да сөйлер сөзімді,
Аспанда жүрген перімдей.
Жаманбай, Шыны, Кəрішал,
Олар да мені сыйлайды,
Замандасым Дөнен де.
Жалайырдың баласы,
Не десең де қимайды,
Өзі болыс, өзі ояз,
Жəлмендем жатыр төменде,
Осылар тірі тұрғанда,
Жасымаймын, Мəйке қыз,
Сен кедейсің дегенге.
Дүңгененің тобында
Бір-бірімен бүлк етіп,
Жең ұшынан күңк етіп,
Бектемірмен сөйлесіп,
Басыңды сенің ашады.
Жібектей болып судырап,
Меруеттей сылдырап,
Ілейін деп келгенде,
Бақасы заула дегенде,
Сиынармын екі-үш күн
Тəуекел деп өлеңге!
Мəйке:
Байтулаққа беретін,
Байғұс-ау сенің шайың жоқ.
Бекмұқанбетке апарып,
Аруаққа байлайтын
Жылқыда асау тайың жоқ.
Кəрішалға берер пұлың жоқ,
Қалтаңда сенің дымың жоқ.
Əншейінде жақынсың,
Шынтуайтқа келгенде,
Елтірі құрлы құның жоқ,
Тараққа берер малың жоқ,
Тамағы кең кісі еді,
Байқоржынға беретін
Дулыға өркеш нарың жоқ.
Ақсақ тоқты, қотыр қой,
Осыменен күн көрген,
Ақындығың болмаса,
Мандайға біткен бағың жоқ.
Қанша жəрдем істейді,
Құр тілімен Жəлменде?
Адам түгіл арба да,
Арба майсыз болған жоқ,
Береді қанша дəрменді?
Айтысқаның алғаның,
Болмайтын іске қол созып,
Тауыспаңыз дəрменді.
Бақтыбай:
Байтулақ о да қатарым,
Айтқанымнан шыға алмас.
Адамнан пара алмаған,
Пəлеге көзін салмаған,
Қараның ханы – Байтұрбай,
Тегінде пара сұрамас.
Балпықты айтып барған соң,
Парақор қанша болса да,
Бекмұқанбет те шыға алмас.
Дүйсембі еді бабасы,
Бейбіт бидің баласы.
Исабек те сөйлейді
Сөзімді келсе шамасы.
Жəлменде өзі-ақ сөйлесер.
Құдай артық жаратқан
Қатарында талабын,
Кедейлікті бетіме
Шіркеу қылып салмағын.
Не десең о де, əйтеуір,
Наурызға жеткізбей,
Сөзсіз сені аламын.
Бүгіннен бастап көңлінді
Аудара бер, қарағым.
Мəйке:
Ағасың, жасың үлкен, Бақа, сенің,
Сөйлесем шығарамын сөздің кенін,
Тоқтайын жасың үлкен адам едің,
Жел сөздің не қылайын артық-кемін?
Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған,
Өлеңім таусылмайды айтсам менің.
Қайтайын, рұқсат бер, енді, Бақа,
Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.
***
Бақтыбай алмақ болыпты деп
Жайылды жұртқа бұл хабар.
Ұзынқұлақ ап кетті,
Етті дейсіз кім хабар.
* * *
Бектемірдің жабылды
Намыстанып қабағы.
Келінімді берсін деп
Байгөзге кісі салады.
Бас салып тартып алмақ боп,
Неше күндей қамады.
Қаншама күн қорқытып,
Кешке жақын болғанда,
Қыздың жаны қысылып,
Əр елге кетіп қалады.
Бəйтік ойға түскенде,
Қысылып оттай жанады.
Күшіктен Мəйке қысылып,
Бақтыбайдың жолына
Күннен-күнге қарады.
Бақтыбайдан бір хабар,
Бола ма деп Мəйке қыз
Құдайдың күнін санады.
Екі айға дейін бір хабар
Бақтыбайдан болмады.
Қапаланды Мəйке қыз
Болдым деп неден жазықты,
Сəлем хат жолдап жазыпты.
Мəйкенің Бақтыбайга жазған хаты:
«Бақтыбайға не болды,
Өлеңге желдей есе алмай?
Заты кəрі кісі еді,
Қой қосағын жүр ме екен,
Қолы мұздап шеше алмай?
Байтал түгіл, бас қайғы –
Отыр ма екен жұртында,
Түйе тауып көше алмай?»
Бақтыбай Мəйкені алуға серттескеннен кейін, кідірместен өрде жатқан Жəлменде биге қазақ ғұрпындағы
ерлік дəстүрін салмақтай келіп, өтініш етеді.
Бақтыбайдың Жəлмендеге айтқаны:
Жəлменде болыс, аман ба?
Адамға адам сүйеніп,
Жан бақпақ еді һəманда.
Əрбір ханның тұсында
Бір сұрқылтай деген ғой.
Қатарында Балпық би
Ескелдіге көз салған,
Қасына ерген заманда.
Екейден шыққан Сүйімбай,
Қасқарау, Жайнақ, Сұрабай
Сарыбаймен құрдас боп
Кірген екен ажары.
Адамға адам себепкер,
Қалған екен мұрасы,
Біреу – жарлы, біреу – бай,
Жаратып отыр құдасы.
Қара Бəйтік Кенжебай,
Уағында шығыпты
Қырғыздан асып, расы.
Қатарымда сен шығар,
Саяңда мен бұлбұлың.
Алдыңда күнде сайраған,
Топқа салған жорғамын,
Табаны мұзға таймаған.
Ақылға дарқан кемеңгер,
Ер мұқтажын ойлаған.
Алтын сөзді аға боп,
Үйсін менен Найманнан.
Қара Балпық аруағы
Жеке, сізге айналған.
Лəуқол мақпоз ғаламда
Жазылған артық ирегің,
Бəйшегірді ел қылып,
Андас пенен мырзаға
Теңгеріп өрге сүйредің.
Үйсін, Найман баласын
Ояз болып биледің.
Жанақ, Түбек əманда
О да өзінің тұсында
Сүйенгені бар еді,
Байлығы дария Маманға.
Ескелді, Балпық тұсында
Болған екен Қабаны.
Соларменен сөзі алтын,
Болған екен бағалы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай,
Қаздауысты Қазыбек,
Құсбегі Шыңғыс, Құнанбай
Солармен кірген ажары.
Сіз Жəлменде болған соң,
Жалайырда белгілі
Саяда мынау жүргенмін.
Ішім ауру, сыртым сау,
Запырандай күйдемін.
Осы жүрген кезімді
Айтпай-ақ өзің білесің,
Ойымдағы сөзімді
Өлеңге жүйрік болсам да,
Жақтырмаса айтады
Қайыршы деп өзімді.
Алтын жүнді сұр тоты
Байланған шынжыр арқанмен,
Арманда боп тұр сол тоты.
Қызығамын түсіне,
Ішіндегі асыл ісіне.
Шынжырды егеп қиятын,
Асыл егеу жəне жоқ.
Мен байғұста шама жоқ,
Осы құс түсті көзіме.
Қапаста бұлбұл сайрайды,
Бұлбұлды көзім көргенде,
Қазандай ішім қайнайды.
Сол бұлбұлды алам деп,
Қайтейін, көңілім ойлайды.
Есігін ашып кірерге,
Қолым қысқа, пұлым жоқ.
Ол қапастың ішінде
Мен байғұсқа орын жоқ.
Тілге келсе бұлбұлмын,
Малға келсе құзғынмын,
Бір шабар менің қоңым жоқ.
Егеуім жоқ қолымда,
Шынжырды егеп кесерге.
Аяқ-бауын қолым жоқ,
Əдісін тауып шешерге.
Таудан қашқан ол түлкі,
Қайратым жоқ жетерге.
Осы жалған дүниеден,
Арманда басым өтер ме?
Сыртым – бүтін, іш – түтін,
Жолықтым мұндай кеселге.
Көрген күнім күн емес,
Жəке, менің бұрынғы,
Өзіңіз де білесіз,
Қалтамда жоқ пұлымды.
Айтайын деп келіп ем,
Алдыңызға мұңымды.
Ел мен ерді қуат қып,
Бір сертке Бақаң ұрынды.
Ер жігітке дерт екен
Өмірлік жолдас, ғашықтық –
Жүректің жанған оты екен.
Жақсы əйел мен жүйрік ат –
Жалғанның сұлу көркі екен.
Жалайырдың ішінде,
Ашты құдай жолыңды.
Жеткізіп отыр қолыңды,
Төрден алдың орынды.
Нашарға көзің салатын.
Қысылып келген нашарлар.
Саяңда жаны қалатын,
Арқаңызбен алатын,
Бақ орнаған кісі едің,
Аруағыңыз толымды.
Жайлаудан келген қалың ел.
Ыңғайланды көшуге,
Уықтың бауын шешуге.
Дүнгенеде топ болад,
Қазанның жаңа бесінде.
Сол топтан қалса Мəйке қыз
Тартып ап көшіп кетеді.
Ақылға дария кең едің,
Асқар таудай көбелі,
Алтын бұтақ бəйтерек,
Жəлменде би сен едің,
Саялай келген мен едім.
Жəлменде:
Бақ конбайды жасыққа,
Көңіліңді, батыр, жасытпа.
Жігіт адам жетеді
Шын шамданса мақсатқа,
Құмарлық іс ғашыққа.
Мен аяман, Бақтыбай,
Келгенін саған қолымнан.
Байқоржын, Тарақ жалғассын
Мəйке кетпес еш жаққа
Туғызып айды оңынан,
Бұрылып сенің жолыңнан.
***
Екі ай жүрді Бақтыбай
Мəйке қыздың соңында,
Сары домбыра қолында
Əркімге жүрді жай айтып,
Келсе деп ісім орнына.
Дүнгенеге топ болып,
Бас қосып барлық ел келді.
Қолақы жесір ұлықтан
Сөйлейтін сөздің өрнегі.
Біреуден біреу теңдік ап,
Топтағы мақсат бермегі.
Кəрішал, Шыны, Байтұрбай,
Байқоржын, Тарақ, Найманнан
Жəлменденің үйінде
Бас қосып солар кез келді.
Бақтыбайды көргенде,
Иек қағып Жəлменде
Көз астымен меңзеді.
Сол уақытта Бақтыбай,
Жұмбақтай қылып мұң айтып,
Бір аз ғана сөйледі.
Бақтыбай:
Басында мына Алатау ойлаған жоқ,
Негізі тəмəм таудың бел болам деп.
Негізі Іле, Балқаш ойлаған жоқ,
Жеті су теңдей құйып көл болам деп.
Аққұмы Атыраудың ойлаған жоқ,
Тұз шығып берекелі кен болам деп.
Қызылқұм Жетіжалмен ойлаған жоқ,
Дым тимес жазды күні шөл болам деп.
Күйкентай бөктергімен ойлаған жоқ,
Қайратсыз тəмəм құстан кем болам деп.
Кесіртке тышқанменен ойлаған жоқ,
Күйкентай, жапалаққа жем болам деп.
Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға,
Дəулет жоқ сөзден басқа біздің қолда.
Ақынды кей кездерде жасытады
Бірі деп қайыршының қожа, молда.
Мен көрдім жібек баулы бір тоты құс,
Қапаста байлаулы тұр темір торда.
Күн қақты қаңғып жүрген мен бір жазған,
Орнымнан көтерем боп жүрген зорға.
Көз құмар, көңілім ғашық, а, дариға,
Жетпейді созсам қолым оң мен солға.
Сендерсің жел тимейтін орман, тоғай
Ақ мылтық қиын-қыстау боран болса.
Мұң айтам алдын ала халқым көрген,
Айтқан серт мəртебеге жетемін деп.
Келіп ем осы жолда бір талаппен,
Жалғанда жақсы да жоқ, жаман да жоқ,
Негізгі іс маңдайдағы бақ пен сорда.
Бақтыбайдың кедейліктен тартқан тақсіретін, құлашын кең жаза алмайтынын терең түсінген, əрі оның
адамгершілігі мен ақындық азаматтығына сүйсінген, бір
жағынан Мəйке қыздың аянышты халіне шын мəнісінде
жаны ашыған Жəлменде Мəйкенің қайынжұрты Бектемір адамдарын дереу Жалайырмен бітімге келтіріп,
Мəйкені Бақтыбайға алып беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу