Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  647


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН ТЕЗЕК ТӨРЕ АЙТЫСЫ

1851-жылы Аламан деген жайлаудың теріскейіндегі жазықта Тезек төренің ауылы отырған. Бұл ауыл малшы-қосшылардан аулақ отырған. Ортадағы сегіз қанат ақ үйді Орда деп атаған, онда Тезектің Байқоңыр атты бəйбішесі тұрады. Бұл бүкіл ел, бүкіл ауылдан дəрежесі зор үй, кешегі Əділ төренің сүйегі де осы үйден шыққан. Бұған беталды адам кіре алмайды, кіруге рұқсат етілмейді. Бұл Ордаға сол кезде тек қана Қожбамбет би, Қарынбайдың баласы Назар болыс, Жолбарыс би ғана именбей кіріп, Тезек төремен бірге отырып, қымыз ішеді екен. Екінші алты қанат ақ үйде Тезек төренің Жалайырдан тартып алған əйелі, асқан сұлу Дəнекер тұрады. Қалған үйлер отаулар мен ас үйлер, қонақ үйлер. Бұл ауылдарға сонау көз ұшында отыратын малшы ауылдардан сойылатын мал өңгеріліп келіп,ішілетін қымыз тұлып, местермен тасылып тұрған. Тезек ауылына келушілер аттарын ауылдан жырақтағы мама ағаштарға, керілген
арқанға байлап, қамшылаарын ердің қасына қыстырып, белбеулерін шешіп қолына алып, өздері тəртіппен жаяулап келіп, қонақ үйге кіріп, төренің мұнда келуін күтіп, сəлем беріскен. Арыз айтушыларды, басқа да келушілерді
Тезек төре көбіне қонақ үйлерде қабылдаған. Бұл ақ үйлерге атпен келіп түсетін бір ғана Тезек төренің өзі екен.
Келген кісілер Байқоңыр бəйбіше отырған үйге Əділ төренің жолы еді деп, ат байлап, босағасына шапан ілген. Соны естігенде ғана Тезек төре миығынан күліп, сый тартушылардың арызын пейіл сала тыңдап, жөні келсе, тез тындырып отырған. Бақтыбай мен Тезек төренің айтысы Қожбамбет би жора-жолдасымен Тезек ауылына қонып, Тезек екеуі оңашаланып, Дəнекер сұлудың үйінде қымыз ішіп, əңгімелесіп отырғанда болған. Дəнекер үйінде отырған Тезектің үстіне жүрегі дауалап, бірден кіре алмаған, қорыққан. Алғашқыда үй сыртында тұрып, өлеңін сол жерден төгілткен.


Бақтыбай:
Я, алла, тіл-жағыма бергін медет,
Қолдай гөр, Ескелді атам, өзің демеп.
Ақсүйек ханзаданың баласы едің,
Кембағал үй артына келді көдек.
Үш жүзге «Абылайлап» шыққан атың,
Ешкімге білінбеген жаманатың,
Кембағал алдыңызға келді көдек,
Алда жар, білесіз ғой жетім хақын.
Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,
Нашарда шығатұғын үн бола ма?
Ақсүйек хан иемнің баласы едің,
Бір аттар босағаңнан күн бола ма?
Тақсыр-ау, сəлем берем тыста тұрып,
Құлақ сап тыңласаңыз мойын бұрып.
Жалғанда зəрің қатты төре дейді,
Айтуға болар ма екен үйге кіріп?
Ұлықсат болар ма екен тақсыр маған,
Ханзада хан Абылай асыл задаң.
Жаяуға ат, жарлыға шапан бопсың,
Жайымды айтайын деп келдім саған.
Алдияр, мен бір жүрген жетім бала,
Ісіне құдіреттің не дүр шара.
Құзырлы заманыңда төре бопсың,
Үміткер рахымыңнан мен бейшара.
Айырылған ата-анадан жетім едім.
Тентіреп жетімдіктен кетіп едім.
«Хан ұрса, қайраны тиер» деген сөзбен,
Алдыңа кіргелі тұр жетімегің.
Сонда ақ үйден саңқ етіп, Тезек төренің ашуланған дауысы шықты:
– Бұл кім өзі шаңқай түсте үйімнің сыртына келіп
бақырып тұрған, бақсыдай сарнап, қақсап тұрған? Мені
албасты басып жатыр дей ме екен? Кімді басынып жүр
мынау? Кім де болса барыңдар, басын кесіп алыңдар! –
деп екі жендетін жұмсайды. Шаш ал десе, бас алатын
екі жігіт далаға атып шығып:
– Өлең айтқан сенбісің, ей, рұқсатсыз үйінің сыртына
келіп, айқайлап өлең айтқаның үшін, төре басыңды ал деп
бізді жіберді, – деп бара сала бас салады.
Сонда Бақтыбай:
– Төреге тілім тиген жоқ, мақтадым. Жазықсызбын,
басымды неге алады? Менің басымды төре алмайды,
құдай алады, – дейді. Екі жендет:
– Мынау тегін бала көрінбейді, төренің алдына апарайық, – деп Бақтыбайды қолынан жетектеп, үйге алып
келеді. Сонда Тезек:
– Құдаймен сөйлесіп тұрған сен бе, ей, – деп, жігіттерге қарап, – басын неге алмадыңдар? – деп, оларға
шүйлігеді. Сонда төрде отырған Қожбамбет би сөзге
араласып:
– Дат, тақсыр! – деп, Тезекке қарап оң қолын көтереді.
Төре «не айтасың? « дегендей Қожбамбетке қарайды.
Қожбамбет:
– Сексендегі шалменен, құдай қосса, он сегіздегі қыз
құрдас. Қырықтағы əйелмен нəсиі болса, он бестегі ұл
құрдас.
Көктемде қой да қоздайды,
Ит те күшіктейді,
Қасқыр да балалайды,
Қой баласы қой болып шөп жейді,
Ит баласы ит болып боқ жейді,
Қасқырдың баласы қасқыр болып қой жейді,
Асылдың басын асыл алмақ емес,
Нəсілдің құны сұралмай қалмақ емес.
Баланың жасы құрдас болмағанмен, сөзі құрдас
шығар. Алдыңызға келген пақырдың бас салып, басын алдыруыңыз əділдік бола қоймас. Бұл баланы тоқтаусыз
сөйлетіңіз, кем болса, басын аларсыз, тең болса ашуыңызды қайтып аларсыз, – дейді. Сонда Тезек төре райынан
қайтып:
– Сөйлесін, онда, төрт ауыз, сөзінің түрін көрейік! –
дейді.
Бақтыбай:
– Рұқсат берсең сөйлерге,
Тезек төре, алдияр,
Əділді айтар ақынмын,
Əділ сөзге жан қияр.
Жалайырдағы заман жоқ,
Ақынмын деп далдияр.
Сіздей бізде күш бар ма,
Төре алдында шалжияр.
Ақ сұңқардың алдында,
Қаңғырған карға жарбияр.
Сөйле дедің, хан Тезек,
Сөйледім, міне, тіл безеп.
Қаңғырып көп сөйлеп қу тілім,
Келтірді жанға бір кезек.
Төрт ауыз сөз шарт бопты,
Айтылсын дөп бізге деп.
Жан алқымға таянды,
Айтайын десем бір кезек.
Ажалдан бұрын өлем бе,
Сəлем бере сізге көп.
Бермесең жаннан түңілдім,
Ескелді, Сиық, сіз медет.
Сауласын өлең тілімнен,
Емес ең ғой сүрінген.
Бола ма енді бүгілген,
Аман қалсам бүгіннен.
Айырылып қала жаздадым,
Тірі жүрген күнімнен.
Бұйрық қатты, жан тəтті,
Қорқайын дедім түріңнен.
Жоқ еді ғой ешкімнің,
Ештемесі бүлінген.
Төрт тұрмақ, төрт жүз айтпасам,
Өлгенім артық тірімнен.
Өлетін халге келгенде,
Бола ма, тілім, бүгілген?!
Бер жағыңнан айтпаймын,
Айтайын, төрем, түбіңнен.
Арғы атаң сенің Шыңғыс хан,
Сағымға садақ ілдірген.
Абылай ұран үш жүзге,
Сонан бері білінген.
Атадан қалған хандықты,
Алыстың бірің-біріңнен.
Қазына, малың көбейді,
Қазақтан түскен кіріммен.
Ақсүйек, бектің тұқымы ең,
Сүйегіңнін міні жоқ.
Абылайдың затынан,
Естимін тегің кемі жоқ.
Жалғыз-ақ патша болмаса,
Онан басқа теңің жоқ.
Мен сияқты пақырға,
Келместен қысым еттіңіз,
Осы ісіңнің жөні жоқ.
Сарыала тұйғын сен едің,
Сарыала тышқан мен едім.
Сүйенішім де сен едің,
Алтын бұтақ терегім.
Аруақ болсаң жебегін,
Пайғамбар болсаң демегін,
Келместен неге жылады,
Мендей пақыр көдегің?
Өзіңе келдім, хан Тезек,
Артық-ауыс не дедім?
Жазығым жоқ болса да,
Қорқыттың, хан Тезегім.
Жас та болсам мейман деп,
Қарсы алады деп едім.
Сары ала тұйғын сен едің,
Сары ала тышқан мен едім.
Тышқанға көзін салғандай,
Қарғалық заңың бар ма еді?


Сонда Тезек төре:
– Бақтыбай, сен ақын екенсің. Ақындығыңа көзім жетті, маған берген бағаң кем емес, орынды-ақ. Ал енді мынау
ақ Дəнекер Жарлықамыс деген сорлының əйелі еді. Сұлулығына мен қызығып, менің хандығыма бұл қызығып,
ақыры күшпен тартып əкетіп едім. Мақташы! – деді бұйыра сөйлеп.
Бақтыбай:
– Мақтасам мақтайын, – деді. Сонда Қожбамбет би:
– Сен бала да болсаң, Ескелді бидің тұқымы екенсің. Өтірік айтпа, шындықты айт. Өтірік сөз құлаққа
жақпайды, арнасы жоқ жерден су ақпайды. Кейбір ақын
қорқып, өтірік мақтайды. Өтірік айтпай, шындықты айт
əрқашан, құдай жаныңды сақтайды. Өмір шындыққа
тоқтайды! – дейді.
Сонда Бақтыбай кейін шегініңкіреп отырып:
– Би-еке, шындықты айт дедіңіз, солай болсын, өтірік
айтпайын, шындықты айтайын, – деп ағылтып кетеді.
Бақтыбай:
– Қожеке, мен де кеттім шындығыңа,
Шынды айт деп бұйрық еттің мұңдығыңа.
Сорланып шындық сөзді айтамын деп,
Қалмайын бас алам деген сұмдығыңа.
Айналайын алда жар,
Сөзіме құлақ салыңыз.
Сөзіңіз əділ ханымыз,
Халқыңа болдың тиянақ,
Шығарған əділ заңыңыз,
Сіз – ақсұңқар, мен – торғай,
Қолыңда тұр ғой жанымыз.
Сіздікі ғой, тақсыр-ау,
Жинап жүрген малымыз,
Жарайтын сұлу жарымыз.
Адам түгіл уатар,
Қара тасты зəріңіз.
Ауызыңызға қарадық,
Абақ, Тарақ бəріміз.
Күшігін жеген қасқырдай,
Пақырға жетер əліңіз.
Үйірінен айырылып,
Мəңгіріп жүр кəріңіз.
Кəрілерді қаңғыртып,
Жарасып отыр жайыңыз.
Қыранды қыран демес ізден шыққан,
«Жақсы сөз – жарым ырыс» сізден шыққан.
Өлсем де Дəнекерді мақтамаймын,
Дəнекер белгілі ғой бізден шыққан.
Дəнекер сіздікі емес, біздің қатын,
Тартып ап қатын қылдың білмей затын.
Төркіні Дəнекердің қоқандықтар,
Қоқанның қайын қылғың тəжік, сартын.
Қатынды кім мақтайды елден шыққан,
Қорқауға жұтылды ғой кердең шыққан.
Қияметтің күнінде жауап берер,
Мынандай озбырлыққа шеннен шыққан.
Майданға тас таразы құрылғанда,
Азбандай пышылдар-ау өрден шыққан.
Бойында Шаңғарақтың біздің ауыл,
Жайдақтап əркім мінген бұл бір жауыр.
Өлсем де Дəнекерді мақтамаймын,
Келсе де, тақсыр төрем, көңіліңе ауыр.
Байы еді Дəнекердің Жарлықамыс,
Сіз тартып алды деген кетті дабыс.
Сирағын өз қойыңның өзін талап,
Қылмайсың, тақсыр төрем, неге намыс?
Өзіңді жарылқасын аруақ шалып,
Қараған үкіміңе талай халық.
Осылай өз еліңді жауша шапсаң,
Кембағал күн көреді қайда барып?
Осы кезде Дəнекер бетін басып, төмен қарайды. Бірақ
оны Бақтыбай байқамаған болады. Сəл бөгеліп, өлеңін
одан əрі төгілтеді:
Өзің рахым шашпасаң,
Босағаңнан қалай аттаймын?
Қаһарлансаң қарайып,
Сөйлер сөзді таппаймын.
Жазылып кетсең жадырап,
Сен – ақсұңқар, мен – торғай,
Саяңды келіп ықтаймын.
Дəнекердің мен байғұс,
Қай қылығын мақтаймын,
Биеке-ау, шынын сөйлесем,
Дəнекерге жақпаймын.
Хан Тезек, басыңызда шырақ тұрған,
Ұлықсың бар Үйсінді құрап тұрған.
Мұхиттың дариясындай бір кісі едің,
Арыз ғып кембағалдар сұрап тұрған.
Əйелін тартып алып сорлаттың ғой,
Нашардың өзіңе кеп жылап тұрған.
Амал жоқ, сізге қылар бізде күш жоқ,
Өзіңе өз қылығың ұнап тұрған.
Хан Тезек, қатарыңда сен бір жайсаң,
Дəнекер туралы ісің болды қайқаң.
Періште алтын көрсе жолдан шығар,
Шығарды сізді жолдан қандай сайтан?
Ата жол əділетке барсаң еді,
Құтылып жұрт сөзінен қалсаң еді.
Орнына жаман қатын алып беріп,
Сұрап-ақ сұлуыңды алсаң еді?
Хан болдың атаңыздың орнын басып,
Сорлының қатынына болдың ғашық.
Əділеттен хан Тезек тайды деген,
Халқыңа өсек болдың қара басып.
Сонда Дəнекер сұлу ызаланып:
– Қаңғып жүрген қайыршыға жер-жебіріме жеткізе
қазғызып, қасиетті хан дегендегі көрсеткен жақсылығың
осы ма? – деп, көзінің жасын төгіп, далаға шығып кетеді.
Дəнекердің көзінен жас шыққанда, Тезектің кеудесінен
жан шыққандай болады.
Домбырамды əперші бері, ақын неме екен ғой, екі ауыз
жұмбақ өлең айтамын, шешсе тірі болады, шеше алмаса
өзі өледі, – деп домбырасын қолына алады.
Тезек:
Жапалақ бүркіт болып түлкі алды ма,
Сартышқан қоян болып жым салды ма?
Аспанда бұлт пенен бу қаптай көшіп,
Құдай-ай, айдың бетін кір шалды ма?
Аққу қонған көлдерге,
Қаптай қонды шағала-ай.
Ақ тұйғын мінген тұғырға,
Қарға да қонды жағалай.
Өте шықты дүние,
Артына, шіркін, қарамай.
Өтіп кеткен өмірді,
Отырмын қазір санамай.
Сен бе едің, бəрекелде, Бақтыбайым,
Пəтшағар, біле ме Үйсін төрең жайын.
Сен өзің ақын болсаң осыны біл,
Кім еді толықсыған күн мен айың?
Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,
Орныңнан тұрмай, ажал болды дайын.
Ар көріп мұның несін қызарады,
Адымдап соққан жел де ұзарады.
Бақтыбай ақын болсаң, осыны біл,
Кім еді бəйтерегің мұнаралы?
Бұрынғы көрген күнің бекер болды,
Бұл өзі кетпейтұғын кесел болды.
Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,
Басыңды ақын Тезек кесер болды.
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Үстіме таз бен пұшық басып кіріп,
Дүниенің теріс айналған бір кезегі.
Бақтыбай:
Хан Тезек, хан Абылай, Солтаным-ай,
Қақ жарған сансыз топты сырттаным-ай!
Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым,
Алла жар, өлемін деп қорқамын ба-ай?!
Тақсыр-ау, көзім көріп мақтамаймын,
Күн мен ай жалғыз өзің, шолпаным-ай.
Кісі екен ашуланшақ өр мінезің,
Секілді жынды бота көрді көзім.
Алла жар, көзім көріп мақтамаймын,
Бəйтерек саясы үлкен жалғыз өзің.
Қарғадай қалың қазақ нөкер ме екен,
Хан Тезек, бұл сөзім де бекер ме екен?
Тақсыр-ау, орда көшсе орны қалмақ,
Əлі де қазақ сізге жетер ме екен?
Апырай турасынан сөйлесем де,
Жетімге тура келген кесел ме екен?
Халықпенен хан болған заңды айтсам,
Сонда да ақын басын кесер ме екен?
Халық – уық, хан – шаңырақ, уықты алса,
Шаңырақ жерге түсері бекер ме екен?
Сонда Тезек:
– Таптың, бірақ адастың, – деді. («Адастың « дейтін себебі: Солтан – Əділдің бəйбіше қатынының баласы еді.
Тезек – тоқалының баласы еді. Жалғанның жарығына
шыққаннан, екеуі бір-біріне қаны қас болатын. Солтан –
Жалайырдың төресі еді, Тезек – Абақтың төресі еді. Тезек беріректе күшпенен Жалайырды да, Абақты да теңдей
сұрап (билеп) отыр еді. «Хан Тезек, хан Абылай, Солпаным-ай « деген сөзге ашуланып, ішінде Солтанның аты
аталып кеткеніне талағы тарс айрылады.)
Сонда Солтанды жамандап, Бақтыбайга Тезектің
айтқаны:
Хан Тезек үлкен асқар бел емес пе,
Мұхиттың дариясындай көл емес пе?
Солтаның қу жел қайық болған шақта,
Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе?
Солтаның қу төмпешік болған шақта,
Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе?
Солтаның жерде қалған тері емес пе,
Хан Тезек соғатұғын пері емес пе?
Солтаның қоңыр тоқты болған шақта,
Хан Тезек басып жейтін бөрі емес пе?
Адастың айтар сөзден, Бақтыбайым,
Қызталақ, өстіп айтсаң жөн емес пе?
Жақсыны жақсы жақтар ма,
Білген жан ойға сақтар ма?
Алтын мен мысты айырған,
Жақсыда, сірə, жат бар ма?
Сонда Қожбамбет би жақсы да демей, жаман да
демей, көзінің астымен Бақтыбайға шырай беріп күлімсіреп, құс жастықты шынтақтай түседі.
Бақтыбай:
Алдияр-ай, хан Тезек,
Сөзіңіз сіздің дастандай.
Солтан төбе болғанда,
Мəртебең сенің асқардай.
Кімнен көрдің кемшілік,
Жайға отырып сасқандай?
Ханымыздың жанында,
Кетпейтін мəрту басқандай.
Қожа менен молдадан,
Алып жүрген хабар көп.
Дүниеге жанған панар көп.
Естуім бар, тақсыр-ау,
Қой пейішке барар деп.
Қай кітаптан естіп ең,
Сегіз сарай жəннаттан,
Ит-шошқа орын алар деп?
Сөйлеп едім жөнделіп,
Алдыңызға мен келіп.
Ұстай алмадым, тақсыр-ай,
Ақылыңды меңгеріп.
Кімнен көрдің кемшілік,
Солтанды адал мал қылып.
Өз басыңды, тақсыр-ай,
Боқ жейтін қуға теңгеріп.
Сізді құдай алмасын,
Солтанды құдай қарғасын.
Жəһаннамның түбіне,
Солтан таз барып зарласын.
Жəһаннамның түбіне,
Сізді құдай салмасын.
Тозаққа түсіп шыжылдап,
Шыбының отқа жанбасын.
Нəпсімді, тақсыр, тыймаймын,
Сіз үшін жанды қимаймын.
Солтан кетсін тозаққа,
Құлдығым бар, хан Тезек,
Тозаққа сізді қимаймын.
Сонда Тезек Қожбамбеттің бетіне қарап:
– Осы Бақтыбай не айтты? – деді. Сонда Қожбамбет:
– Алла жар, сіз жеңілдіңіз, Бақтыбай жеңді. Жеңілгенің мынау: Қасқыр, қарсақ дегенің тапса қой жейді,
таппаса боқ жейді. Қасқыр, қарсақ, түлкі пейішке барады деген сөз құранның аятында жоқ. Сізді құдай тозаққа
жібермесін деп, Бақтыбай жылап отыр ғой. Төремді
құдай иманды қыл деп сұрап отыр ғой. Сіз адал басыңызды арамға теңегеннен кейін жеңілдіңіз.
Сонда Тезек:
– Сен, Бақтыбай, жеңдің. Мен жеңілдім. Енді мені
жамандап айтшы, – деді.
Бақтыбай:
– Алла жар, сізді жамандамаймын. сізді жамандасам
өліп қалам. Қазақтың бір мақал сөзі бар: «Ит құтырса,
иесін қабады, торғай құтырса, бүркітке шабады, ешкіемер құтырса, айдаһарды шағады, сөйтіп жүріп ажалын
табады».
«Жарлының байлығы – денсаулығы» деген сөз
бар ғой. Сізді жамандамай-ақ үйіме тірі қайтайын, –
дейді. Тезек:
– Жамандамасаң, бəрібір басыңды аламын, – деді.
Сонда Қожбамбет би:
– Өзі жаманда деп отыр ғой. Несіне қорынасың? Атасы – Абылай, əкесі – Əділ, өзі – Тезек, екі сөйлер дейсің бе?
Мінін дəл тауып, жамандай біл бірақ та, – дейді.
Бақтыбай:
Мен байғұс көлеңкеден үркіп келген,
Толтырып көздің жасын іркіп келген.
Түрт шайтан, түлен күні бүгін екен,
Желкемнен дедектетіп түртіп келген.
Бола ма құр көңілдің кірлегені,
Күні бітсе, ешкім тірі жүрмегені.
Тəуекел датта десең, мен даттайын,
Құдайдың болар-дағы бір дегені.
Хан Тезек, аруағыңды іздеп келдім,
Алланың жазғанына енді көндім.
Тəуекел, датта десең мен даттайын,
Алла жар, таза тыңда, өлдім-өлдім.


Айтайын, тақсыр, дастанды-ай,
Хан Кене – Кенесары туысың ғой,
Наурызбай төре дейтұғын...
Қайратына шыдамай
Жайға жүріп мастанды-ай.
Мастанғаны емей немене,
Өліп қалған Қанайдың,
Моласын барып ашқандай.
Моласын ашып жатқанда,
Қанайлап мəрту басқандай.
Мына сөзді аңдаймын,
Қызыл тілім талмаймын.
Сен отырсың діңкілдеп,
Мен отырмын бүлкілдеп.
Еркек қарға сияқты,
Маған өтіп зардабың.
Əкең Əділ бір кезде,
Дария көлдей тасыпты.
Мираспын деп қоқайып,
Абылай орнын басыпты.
Құба қалмақ келгенде,
Тыртыңдап кейін қашыпты.
Қазақ біткен жабылып,
Қайта басқан қалмақты,
Қуған екен қайырып.
Бес баспақ алтын алыпты,
Калмақтардан қайырып.
Екі баспақ алтынды,
Олжа деп елге салыпты.
Үш баспақ қалған алтынды,
Берместен ұрлап қалыпты.
Сол Əділдің баласы,
Сен емес пе, хан Тезек,
Билеп жүрген халықты?
Тарылтты құдай санаңды,
Осы сөзім анық-ты.
* * *
Баласы Абылайдың Тезек төре,
Қоймаған елден жылқы кезеп төре.
Бұл күнде ел жылатып алғанменен,
Берерсің тəңір алдында кезек төре.
Абылай аты шыққан Қамбарымен,
Отырсың Абылайдың сен малымен.
Қазақтың қой-жылқысы аз болды деп,
Жұттың ғой Дəнекерді дамбалымен.
Алдында ғаріп, мүсəпір жайын айтса,
Қорқытасың қоқандаған жанжалыңмен,
Тақсыр-ау, мен де өлермін, сен де өлерсің,
Ақысын жетім-жесір бір берерсің.
Бір сиыры кеткен кісі кебініңді ап,
Екінші ақысы бар ел келгенде,
Жұлдырып төбе шашың, дөңгелерсің.
Бақтыбай ақын аңлайды,
Шындыққа тілім талмайды.
Орыс деген жұрт келді,
Терезенің түбіне
Бес теңге тастап кетсең де,
Бес күннен кейін барсаң да,
Бір тиынды да алмайды.
Сіздің үйдің қасына,
Бір сиырлы кембағал,
Қона қалса көрші боп.
Сиырынан айырылып,
Соры қайнап зарлайды.
Сіз тұрғанда тозаққа,
Басқа ешкім бармайды.
Жалғыз тиының шыққан жоқ,
Бəрі олжа алған қатының.
Жақсылықпен зауқың жоқ,
Жамандыққа ауды ақылың.
Жалғыз-ақ құдай көрмей ме,
Не болар екен ақырың?
Əділетін алса бұл құдай,
Жаһаннамда қор қылып.
Тақсыр-ау, сізге айтпаймын,
Орынсыз болар шаттылық.
Сонда Тезек төре:
– Қызталақтың баласы, осынша жаманда деп пе едім, –
деп атып түрегеліп, қылышын ала жүгіреді. Қожбамбет би
төренің екі қолынан шап беріп, ұстай алып:
– Қойыңыз, Алла жар, қойыңыз. Хан қайта сөйлемейді.
Қайта сөйлесе қара басқаны, – деп екеуі қылышқа таласып,
айпақ-тұйпақ болып жатқанда Бақтыбайдың қашып барып, бір аяғы босағаның ар жағында, екінші аяғы бер
жағында, артына қарап тұрып айтқаны:
– Құдай-ау, қолға түскен мен бір мұңлық,
Басында болар дедім осы сұмдық.
Өзіңіз айт деген соң, айтып едім,
Тақсыр-ау, емес пе еді бəрі шындық?
Жасымнан талай елде еттім сауық,
Болар деп осы сойқан қылдым қауіп.
Болғанда сен – ақсұңқар, мен – бір торғай,
Тоятың қанар ма екен маған шауып?
Хан Тезек, сығыр тəңірім не боп кетті,
Хан ием, ойнасаңшы теңің тауып?
Алланың кім құтылар салғанынан,
Əр түрлі сөз шығады наданыңнан?
Болғанда сен – ақ атан, мен – көбелек,
Тарпысаң жаным қалмас табаныңнан.
«Хан ұрса, бір қайраны тиер» деген,
Əлі де үміттімін қарағымнан.
Төре деген тақсыр-ай,
Алатаудың бұлағы.
Қазақ деген бұлақтың,
Жағалай шыққан құрағы.
Алатаудың биігі
Сеңгір-сеңгір құлады.
Жалғыз лақ ойнаса,
Таудың несі құрады?
Тау құласа көтеріп,
Көк лақ қайдан тұрады?
Сіз емес пе ең, хан Тезек,
Абақ пенен Тарақтың
Жалғыз жанған шырағы?!
Ашуыңды зілзала,
Патша құдай қайырсын.
Мын бапықтың ішінде,
Сен бір нəһан жайынсың.
Көп жұлдыздың ішінде,
Көркем туған айымсың.
Ақыры өлмек болдым ғой,
Қу жетім неден тайынсын!
Тақсыр-ау, мұнан қиын кеп бар ма еді,
Ойында мен байғұстың еп бар ма еді?
Кісің түгіл ісіңді жамандауға,
Тақсыр-ау, мен ғаріпте бет бар ма еді?
Күлкі қылдың, досым жоқ,
Өңкей мені дұшпанға-ай,
Мүңкүр-Нəңкір болдың-ау,
Қабырғамнан қысқандай.
Тарғыл мысық болдың да,
Сығып-сығып қоясың,
Тістедін мені тышқандай.
Мақта дедің, мақтадым,
Датта дедің, даттадым.
Келместен қақсап отырып,
Жағатын айла таппадым.
Сығыр тəңірі, құдай-ай,
Қай жағымнан жақпадым?
Сонда Тезек:
– Қожбамбет, мен екі ақын, бір шешен көрдім. Біреуі
– Бақтыбай, екіншісі – Қызылекей Сүйінбай. Ал шешен
дегенім Ыстыдағы – Бөлтірік. Өзгесі ақын да, шешен де
емес. Не тілеп келіп едің, Бақтыбай, тілегіңді айт, берейін,
– дейді.
Сонда Бақтыбай:
– Ой, Алла жар-ай, не тілейін? Əркімнің тілегін жалғыз құдай береді. Басқа кім береді? Адамның тілегін адам
түгендей алмайды. Аз берсең азға, көп берсең – көпке,
тіпті алмай тірі қайтсам да ризамын, – дейді.
Тезек:
– Мен сенің тілегіңді бере алмайды деп отырсың ба?
Олқысынып отырмысың. Өйтсең басыңдыалып тастайын,
– дейді тағы да кіжініп. Сонда Қожбамбет кіріседі:
– Ей, Бақтыбай, Тезектің атасы Абылай, əкесі – Əділ,
өзі – Тезек. Құдайдың он сегіз мың ғаламды жарылқап,
қорғауға күші жетеді. Тезек сол құдайыңнан бір жасы
кіші, сол құдайыңнан тілейтұғын тілегіңді Тезектен сұра.
Бір сені жарылқауға шамасы келеді. Сен құдайыңа тірі жолықтың, – дейді.
Бақтыбай:
Айналайын, биеке,
Төременен теңдессің.
Күші қатар шендессің,
Тілейін, тақсыр, тілейін,
Түбінде түгел бермессің.
Бермейді десем, биеке,
Көзің көрмей сенбессің.
Тіле десең тілеймін,
Бермей ме деп жүдеймін.
Аларта көзбен қараса,
Ұшады менің үрейім.
Хан тіле десе несіне,
Үзеңгімді шіреймін.
Ал берші, тақсыр, менің құмғаным жоқ,
Қолымды құмғансыздан жуғаным жоқ.
Алдымен қашқарлық бір құмған əпер,
Жанашыр сенен басқа туғаным жоқ.
Екінші, тақсыр, менің кəрленім жоқ,
Аларлық қаражат-күш, дəрменім жоқ.
Бір кəрлен, бір поднос тағы да əпер,
Байлықтан домбыра ұстап жүргенім жоқ.
Үшінші, тақсыр, менің табағым жоқ,
Қуанған дүние тауып қабағым жоқ.
Жəне бас, жəне алдияр, жəне құлдық,
Жалғанда сенен басқа қарызым жоқ.
Төртінші, тақсыр, менің кетпенім жоқ,
Қуғанмен босағаңнан кеткенім жоқ.
Тақсыр-ау, мұның өзі кішкентай-ақ,
Ойдағы сұрар жерге жеткенім жоқ.
Бесінші, тақсыр менің қазаным жоқ,
Жүрген соң бақыр асып ажарым жоқ.
Жайпақтау тоғыз қарыс қазан əпер,
Жалғанда сенен басқа базарым жоқ.
Қырғыз бенен қазақты араласам,
Хан Тезек, əлі сенен озарым жоқ.
Алтын балдақ қылыш бер,
Қынабы болсын сырлаған.
Он алты жасар қыз əпер,
Шашбауы болсын ділдəдан.
Алты қанат ақ үй бер,
Шиі болсын шымдаған.
Туырлығы болсын тұлдаған.
Алты інген, төрт атан –
Он түйелік олардың
Жүгі болсын ырғаған.
Он құлынды бие бер,
Құлыны болсын жорғадан,
Торыдан жабы айғыр бер,
Бауырынан құлын шулаған.
Он екі қысыр байтал бер,
Алтауы қысыр, алтауы
Асау болсын тулаған.
Жүз елу қой салып бер,
Оған қойшы алып бер.
Қасқыр деген пəле бар,
Жүгіріп жүрген жылғадан.
Кез келдім сіздей панарға,
Шөлдеп келген тауықтың
Сусыны сізден қанар ма?
Алты атан өгіз бер,
Шұбарға соқа саларға.
Төрт бұзаулы сиыр бер,
Оны бағып егіншім,
Сауын етіп сауарға.
Алдияр тақсыр, хан Тезек,
Түгендеп берсең осыны,
Шаруам түгел болар да!
Алдияр тақсыр, хан Тезек,
Сен байлықпен үдедің.
Мен жоқтықтан жүдедім.
Сол құдайдан тілейтін,
Осы еді менің тілегім.
Күнде жылап құдайға,
Маза бермей жүдедім.
Берсең тегіс алғаным,
Еліме айдап барғаным.
Қаттылық қылып бермесең,
Бұзауы өлген сиырдай
Құр тұлыпка мөңіреп,
Бос қаңғырып қалғаным.
Бермесең берме, хан Тезек,
Өлтірем дейтін болмасын,
Арт жағында жанжалың.
Хан Тезек:
– Жоқшылықтан өлген барлық қазақтың құнын менен
сұрап келіпті ғой, – деп, иегін жылқышыларына қарай
көтеріп қояды. Жылқышы арқасы алты жерден жауыр
ала атты, ақынның аты осы деп төренің есігіне байлады. Жауыр аттың жауырынан қорек алып жүрген екі
сауысқан қасына қона қалды. Мұны көрген Бақтыбай:
– Хан Тезек, ниетіңіз мақұл екен,
Аруаққа мен бас иген ақын екем!
Молдасы ала қарға сауысқанның,
Шіркін-ай, бəрі əулие, батыл екен.
Келерін Бақтыбайдың білген екен,
Еркімен мұны жайлап жүрген екен.
Осы атты бір ақынға берер-ау деп,
Екеуі кезек-кезек мінген екен.
Кешегі Абылайды көрген мал-ау,
Сорыма менің өлмей келген екен.
Тақсыр-ау, ана пəле қимылдап тұр,
Көтеріп құйрық-жалын жымыңдап тұр.
«Ей, ақын, сен мінбейсің, мен мінем» деп,
Сауысқан сайтанданып қыдыңдап тұр.
Зардабы сауысқанның өткен екен,
Шыдамай ала шолақ шыбындап тұр.
Тақсыр-ау, ел көрмеген тамашаңыз,
Сауысқан, ала қарға, ала төбет,
Көк қаншық бесеуіміз таласамыз.
Сонан соң біреуіміз қуып кетіп,
Шуылдап төртеуіміз адасамыз.
Бəріміз жарымаған жазған едік,
Қай уақыт тату болып жарасамыз.
Хан Тезек, сұрап келдім сізден сауға,
Құданың құдіретіне қылдым тəуба.
Келіп ем Абылайдың аруағына,
Салдың-ау бітпейтұғын шылғи дауға.
Хан Тезек, келмей жатып сөккенің бе,
Япыр-ай, мен байғұсты ептедің бе?
Дауласып ана қарға сауысқанмен,
Дариға-ай, жас өмірім өткенің бе?
Тезек төре:
Менің сендерге əкеліп бер дегенім бұл емес. Дəнекер
сұлудың боз жорғасын ер-тоқымымен ерттеп, сəукелесін
жауып əкеліп бер. Жеңгесінің өзін алып қайтпағанымен,
мініп жүрген атын алып қайтсын, – деді. Дəнекердің боз
жорғасын ер-тоқымымен дайындатты. Төре оған қоса бас
жағындағы сандығынан тайтұяқ жамбыны алып, Бақтыбайдың алдына тастады. Сонда Қожбамбет күлімсірей:
– Қызталақ, төренің есін шығарып, жетім құнын алдың. Жарайсың, батыр, – депті. Бақтыбай домбырасын қолына алып, жүгіре басып шыға келсе, бағанағы ала шолақ
босағада əлі байлаулы тұр екен. Қалт ойына түсе қалып,
осыдан оңай мал маған табыла қоймас деп, төреге кері
бұрылып тағы айтқаны:
– Айналайын, Алла жар,
Ақ сұңқар құстың мысалы,
Артында қалған жемтікке,
Көз салғанға арланар.
Ақ сұңқардың жемтігін,
Жеп кетсем дейді қарғалар.
Бұрынғы мен соңғыдан
Осындай қалған арна бар.
Ақ сұңқар жемтігіне қарамайды,
Қараса сұңқарлыққа жарамайды.
Тақсыр-ау, мұнда қалса қос сауысқан,
Елітіп ертең мені табалайды.
Егерде ала шолақ қолға түссе,
Шуылдап оның бəрі қала алмайды.
Ала аттан ауқат алып жейміз бе деп,
Менің де қайырымды сағалайды.
Хан Тезек, сізден көптеп тіленбедік,
Ойдағы сөзді несін үнемделік.
Басында ала ат, боз ат екеу болды,
Сауысқан ала қарға төртеу еді.
Ақ қаншық, ала төбет ергеннен соң,
Осымен кетпеймін бе түгенделіп.
Аруағы Абылайдың үлкен болған,
Ұялып отырмын ғой мен де сонан.
Қайтам ба жалғыз атпен сорым қайнап,
Жоқ еді елден келген жолдас-жорам.
Көзіме көріндіңіз асқар бел боп,
Аруағы хан Абылай шалқар қол боп.
Тақсыр-ау, ала шолақ қолға тисе,
Сауысқан, ала қарға, ала төбет.
Көк қаншық көмегіме ергеннен соң,
Ауылға қайтпаймын ба рулы ел боп.
Сонда Тезек күліп:
– Жағың қарысқыр, оны да ал, оларды да ал, ала қарға,
сауысқаныңды артыңа тастап кетсең, құдай мойныңа
қыстырсын. Бірақ атамды мақтадың, атымды даттадың,
өзімді мақтадың, хайымды даттадың, бірақ құдайдың берген екі ханшасы ана отыр, менің екі ханшам көзіңе ілінбеді. Ханшаларымды алдымен екі ауыз мақта, артында екі
ауыз датта, мақтауың алдында болсын, даттауың артында
болсын. Сонан кейін құры! – деді. Бақтыбайдың сол орнында тапжылмай тұрып айтқан сөзі:
– Уа, алдияр, хан ием,
Көрініп тұрған сен болдың,
Алдымдағы жан ием.
Шынарға біткен бүр болсын,
Мына бір жалған дүниеде,
Сізден артық кім болсын?
Жарлығыңыз, тақсырым,
Екі емес енді бір болсын.
Қуаныш, шаттық қасиет,
Жетіміңе күн болсын.
Ханшалардың байқасам,
Шашбаулары ділдəдан.
Алтын меруерт құлағы,
Көрінбей тұр сырғадан.
Сегіз сарай жанатта
Хордың қызы болмаса,
Сендердей болып дүниеге,
Адамзаттан тумаған.
Көргеннің көңілін еріткен,
Күн мен айдай нұрлы адам.
Сендер асыл шынылар,
Алтын сырмен сырлаған.
Шындықтан біраз сөйлейін,
Өтірікпен болмайды
Шындықты жауып ұрлаған.
Қызыл тілмен баптайын,
Орынсыз сөйлеп шатпайын.
Хан иемнің сөзі бар,
Ханшаларды даттайын.
Даттаймын деп сандалып,
Босқа өтірік айтпайын.
Хан иемнің сөзі бар,
Өкпелеме, ханшалар,
Бір-екі ауыз қақсайын.
Тіс кетсе тілдің кетер қымқыруы,
Болмайды бұрынғыдай жымқыруы.
Дөң желке, шот маңдай, томпақ мұрын,
Сендердей болмас, сірə, қыз «сұлуы».
Қазақта бір кедейдің қызы болса,
Жайлауға өгіз артын өк дейтұғын.
Ұлтаның башпағының сөгілгенде,
Сандалып таспаменен көктейтұғын.
Келгенше жиырма беске сорлар еді,
Күйеуге ел қатарлы өтпейтұғын.
Алпыста қатыны өлген шалдар келіп,
Алсам деп тоқалдыққа ептейтұғын.
Ханшалар хан Тезектен туғаннан соң,
Қазақ жоқ бүгін саған беттейтұғын.
Беттерін жұпарменен жуғаннан соң,
Белдерін жібекпенен буғаннан соң,
Ханша деп атақ берген сығыр құдай,
Төреден мына тұрған туғаннан соң.
Кигені қызыл манат жасылын-ай,
Киім тұр жамандарын жасырып-ай.
Қыздардың бойы қысқа, төсі тостақ,
Есектің салпаң құлақ қашырындай.
Тақсыр-ау, сіздің қыздай жаман бар ма,
Жаманды жамандауға заман бар ма?
Бұлардың бес тиындық бағасы жоқ,
Қылған соң құдай ханша, амал бар ма?!
Сонда Тезек:
– Қожбамбет, мен сияқтанған төреден төре туады, сен сияқтанған биден би туады. Қайтпай, ойындағы
сөзінен жаңылмай айтатұғын Бақтыбайдай ақын тумайды. Бақтыбай, нағыз айтқыш ақын өзіңсің. Сенен кім
батыл айтар екен? Алдыңа қазақ ұлы түсе қоймас. Мені
əділ төре дейді басқа ақындар сыйласа да, қорықса да.
Сен де шындықты айттың. Саған сол Əділдің босағасы
ашық. Жылына бір рет келіп, төреңе сəлем беріп тұр, –
деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу