Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  498


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКУМ, БОЛЫС-БИІМ!

Ассалаумағалейкум, болыс-биім,
Бұл жерде барлығыңыз бопсыз жиын.
Дəм татып, кеңес құрып отырсыздар,
Көрдіңдер Жəкең берген құрмет сыйын.
Бұл кім деп мен келгенде күңкіл еттің,
Сыйыспай сығыстырып Жəкең үйін.
Болдыңдар бұрын адам көрмегендей.
Көріп пең адам көріп мұнан бұрын.
Отырсыздар бұл жерде болып думан
Мен емес мұндай жерде тілді буған.
Кетейін өз жөнімді түсіндіріп,
Сіздердің туысыңмын бірге туған.
Сиыршы, Бəйшегір мен Арықтыным
Балғалы, Қайшылы мен жарықтығым.
Ағайынды адамбыз, бес атамыз,
Қабылиса, Ескелді менің пірім.
Сиыршының шын аты – Байыгөбен,
Солардан өсіп-өнген мен бір ерен.
Төменгі Қамаудағы туыстарға,
Бақтыбай ақын едім іздеп келген.
Байызақ Мəмбет еді Абақтағы Ескелді,
Балпық еді Тарақтағы Бар еді
Жақсымбетте Асан-Сиық.
Осылар кембағалды жылатпады.
Асанда Қабылиса деген əтті,
Жемітті өл-өлгенше ұнатпады.
Ескелді, Балпық, Сыйық, Қаблиса
Жарлыны жарға итеріп құлатпады.
Андаста аты шыққан Қарынбай би,
Бəлені маңайына жолатпады.
Солардай əділетті болмадыңдар,
Адамың қол астында жырақтады.
Аға сұлтан, болыс-би атқа мінер,
Бұлар тұрса халыққа таң атпады.
Осылардан құтылар күн бар ма деп,
Жарлы, жалшы жалақтап, алақтады.
Қайтеді, сөзін тыңдар адам бар ма,
Лəжі жоқ, сендерді де сан ақтады.
Елді жеп еңіреткен үстем таптың,
Алдына тартылса екен табақтары.
Кəнеки, елді жеген жалмауыздар,
Қанға тойған қасқырдай жалақтады.
Жылаған күні туып халықтардың,
Ашылып басындағы тұмандары,
Қай уақытта көтерілер қабақтары?!
Бақтыбай Жəлмендеге қарап, жырын одан əрі
жалғастырады.
Естуім бар, көргем жоқ
Қамау жайын,
Мылтықтың сүмбесіндей Жамаубайың.
Екпе терек секілді би Жəлменде,
Қодастың бұқасындай Балтабайың.
Адамға жетім-жесір қарасаңыз,
Айтуға бұл өлеңді шаршамаймын.
Нашарды одан əрі кемітсеңдер,
Сіздерге өлең айтпай шалқалаймын.
Осында отырсыздар, болыс пен би,
Құрметтеп үй иесі етеді сый.
Кəнеки, əзілетпен жүргендерің,
Қарап тұр өздеріңе бірқатар үй.
Ел билеп өмір сүрем дегендерің,
Жылатып нашарларды жегенді тый!
Бақтыбай енді бір сəт Айтқұл мен Тоқай деген адамдарға қарайды. Онан соң одан əрмен төгілдіре жөнеледі.
Арықтыным қарап тұр,
Айтқұл мен Тоқайға.
Зарқом нашар келгенде,
Көмек бермей қақайма.
Ел биледім аз күн деп,
Қуаныш қып қоқайма.
Халықпенен адамсың,
Жалғыз жүріп шошайма.
Жалғыз адам жол таппас,
Жемқор көпке жасай ма?
Елді жедің, еңіреттің,
Алудан қолың босай ма?
Аздап жеуді көбейтіп,
Ақшаны артып жөнелтіп,
Аумағымен қопарма.
Балтабай мен Жамаубай,
Жайладыңдар Қамауды-ай.
Көкті тіреп тұрсыңдар,
Сендерден өтер санаулы-ай.
Шариғат жолын қусаң да,
Қоймадыңдар қанауды-ай.
Ылғи жақсы отырсың,
Жақсылайын жамандай.
Жарлы байғұс зар айтса,
Естімейсің сараңдай.
Жетім-жесір зар болды,
Алдарыңа бара алмай.
Кемшілік мұңын айтуға,
Аузыңнан сөз ала алмай.
Кедейді көрсең түршіктің,
Жемейтұғын арамдай.
Осы жүрген жақсылар,
Тура жүрсең қайтеді,
Табанға тікен қадамай.
Бай мен болыс бір жақсың,
Қалады кедей саналмай.
Бір күні жарлы теңелер,
Тұрамын деп тұрмысың,
Өңкей жақсы табандай.
Жарлы адамды көресің,
Шағатұғын шаяндай.
Жарлы-жаршы ел үшін,
Сөйлейін енді аянбай.
Шығар күн бізде бар ма екен,
Торыңа сенің қамалмай.
Осы беттен қайтпасаң,
Жарлы жаққа тартпасаң,
Тартарсың бір күн жазаңды-ай!
Жырдың осы тұсына келгенде Балтабай деген би:
– Ей, байғұс бала, бірдеме өне ме деп келіп тұрып,
жақсылаудың орнына жамандап барасың ғой, – дейді.
Бақтыбай оған тосылмайды.
Əлеке мен Амандап,
Ат мінемін шабандап.
Турасын айтып отырмын,
Не ғылайын жамандап.
Бір күні таяр бастан бақ,
Тұрмассыңдар табандап.
Жамандық келмес бір күнде,
Асықпай жетер аяңдап.
Асылғаныңды білмессің,
Екі аяғың салаңдап.
Күніміз туса жоқ болдың,
Көрінбессің қараңдап.
Өзіңе-өзің ор қазып,
Жығыларсың арандап.
Сол шұқырдан шыға алмай
Қысыларсың алаңдап.
Сорасы ағар көзіңнің,
Бетінді жуып тарамдап.
Ең болмаса алмадың,
Терлеп-тепшіп адалдап.
Ақырында көрерсің,
Жылатып нашарды алғаның,
Өкпеден оқ болып қадалмақ.
Бақтыбай бір жөткірініп қойып, өзімен бірге барған
Қарекеге қарап, тағы да жосылта жөнелді:
Қадірлі Жалайырға Қарекесің,
Бұлармен тең болуға бар екенсің.
Бұлардан сөзің де артық, өзің де артық,
Қашырмай отырсыз ғой берекесін...
Сонда Қареке қонақтап келгенін ишаралап:
– Əй, Бақтыбай, Жақсымбеттегі Малтабар қарияның:
«Орынсыз сөз, порымсыз сөз,
Өнерсіз сөз, мəнерсіз сөз.
Сабыр еткің, Бақтыбай,
Əр нəрсенің уақыты бар.
Тасыған нəрсе төгілер,
Ескі нəрсе сөгілер» – деп айтқаны бар емес пе?
«Қопаңдаймын, шаппаймын,
Қомданғанмен ұшпаймын,» –
дегені жəне бар, – деп ескертіп қояды. Сонда Бəйшегірдің
Арықтыным билері:
– Бақтыбай, жақсылауыңа да рахмет, жамандауыңа
да рахмет. Жақсылауың көңілімізді ашты. Жамандауың
бізге ой салды, елдің əруағын көтеріп, аман-сау жүре бер,
айналайын, – деп жақсы сый атайды. Онан соң:
– Енді осынау жалпақ Жалайырдың ерлерімен шарапатты адамдарын аздап болса да жырлап бер, – деп
қолқа тастайды.
Бақтыбай шырқай жөнеледі:
Сиыршы емес, шын аты
Сиыршынын Байгөбен.
Бес баласы болыпты,
Байгөбен келген бəйгеден.
Жақсымбет пен Сырымбет,
Тоқымбет пен Жолымбет,
Ең кенжесі Шəлімбет,
Бес бет болып сай келген.
Əлде қалай олжа алса,
Бəрінен жолы үлкен деп,
Жақсымбетке ал деген.
Асан-Сыйық атамыз,
Кеткен екен ғайып боп.
Көп сөйледім халайық,
Кетпесін сөзім айып боп.
Қаракерей елінде,
Дағдыл өзен белінде,
Қонып кеткен шайық боп.
Бұл атама сыйынған,
Тілек тілеп қиылған,
Далада қалмас ғарып боп.
Жақсымбеттен шығыпты
Құлқақ мерген тағы да.
Мəтішұлы Төлепті
Бəрі қатар замандас,
Балғалыда Бөлек-ті.
Жақсымбеттің бір табы
Кəумен, Топай ішінен,
Малтабар, Кұлжан батыр бар.
Айтайын тағы керек пе?
Малтабардың баласы
Жасөспірім Есімбек,
Оқымай хат таныған,
Зейінді адам зеректі.
Өзі батыр, зор дене
Көтере алмас үлек те.
Əзілетті Ескелді,
Жетім-жесірді ескерді.
Əділдігі атамның
Барлығынан ерекше.
Ақын атам Қаблиса,
Өлең-жырға маманды.
Бір шумақ жырға сыйғызған,
Он сегіз мың ғаламды.
Алты мыңы адамзат,
Алты мыңы перизат,
Алты мыңы нəбəдат,
Он сегіз мың болған-ды.
Атама ақын сөз таппай,
Талай адам қамалды.
Талай сайыс топтарда,
Өлеңі болған самалды.
Мұндай жүйрік жоқ қой деп,
Теңдесі жоққа саналды.
Əрі əулие, əрі ақын,
Көріпкел деп тəн алды.
Не дауа бар ажалға,
Ажарға ажал қарай ма,
Алды сондай адамды.
Ескелді атам есімін,
Білмейтін де шамалы.
Аш болмасын елім деп,
Қаздырған бар каналы.
Шымыр деген тоғанды,
Ескелді атам қаздырған,
Соған тиген табаны.
Сары Үйсін Сары биден де,
Асып түскен амалы.
Атамнан бұрын шығып ед,
Қазыбек би, Əйтеке,
Əлібек ұлы Төле де,
Болған елге өнеге.
Ақылымен қалмақты,
Жиып алған төбеге.
Төле бидің ақылы,
Енді бізге келе ме?
Қалмақты алдап ақылмен,
Дақ салмаған денеге.
Қашырып елден қалмақты,
Өзіне салып салмақты,
Жолатпаған сөреге.
Мың жеті жүз жиырма үш
Сол кездерде жыл еді.
Қатын-бала шуласып,
Төле өмірін тіледі.
Төленің айтқан сөзіне,
Қалмақтар қашып жөнеді.
Əнет баба сол жылы
Төбеде қалған Ер еді.
Ақылы артық Төле би,
Тілегін Алла береді.
Ескелді атам еді ғой,
Төле бидің жиені.
Бəтесін беріп тірлікте,
Би атамды сүйеді.
Би атам десе Төленің,
Жұмсарып кеткен сүйегі.
Би атамнын бетіне
Талай тиген иегі.
Би атам бала кезінде
Төле би де тірі еді.
Қашан Төле өткенше,
Атамның болды тірегі.
Ұлы жүзде – Төле би,
Орта жүзде – Қазыбек,
Кіші жүзде – Əйтеке,
Халқына болған бұлар сый еді.
Қырғыздың Көкен биіне,
Қарақалпақ Сасық би,
Қарауында талай үй.
Бұлардан кейін шығыпты,
Сиыршыда Сиық, Ескелді,
Андаста шыққан Балпық та,
Қаблиса – Қабан əулие
Қояйын атын айтып та.
Қарымбай мен Дарабоз,
Күшіктен шыққан Жолбарыс,
Жүрген бұлар шалқып та.
Ұлы жүз болған жерінде,
Нелер білгіш жасады.
Солардың өтті бəрі де,
Ажалдан қалай қашады.
Арғынның Қарамеңдесі,
Олар да құдай пендесі.
Бəйшегірде Тағымбет,
Айтсам көңілім тасады.
Ескелді атам ерекше,
Қандай адам асады.
Арықтыным Жəлменде,
Бақай батыр Бəйшегір,
Бір ғасырды жасады.
Байқоржын мен Аталық,
Еді елі Балғалы,
Қарғаны да аталық.
Құдайменде, Сердалы,
Саяқты да айтайын,
Болмасын менде қаталық.
Қарымбайдың Назары,
Елінің ол да ажары.
Атамай қайтып жаталық.
Ерасыл мен Шелбайы,
Мырза елінің Асымы,
Білгенше бəрін шаталық.
Сұпатайда Сұпы би,
Бəйбішеде Естібай,
Тіл келгенше айталық.
Орақтының Орақты батыры,
Əлшағыр еді əкесі.
Қайсыбірін таусалық.
Орақты батыр өлтірген,
Ақкөбік, Қаракөбікті.
Сұпатайда Сұпы би,
Ақылға ол да келіпті.
Ақкөбік, Қаракөбікке,
Құдірет ерік беріпті.
Не жесе де тоймайтын,
Өздері өте жемітті.
Адам етін жеген соң,
Қызарып көзі желікті.
Шудың бойын жағалап,
Бір бəле тағы келіпті.
Екеу еді төртеу боп,
Тауып алған серікті.
Төртеуі де бəленің,
Сол Орақтыдан өліпті.
Төртеуінен құтылып,
Өрісі елдің кеңіпті.
«Ноқта ағасы» болсын деп,
Осыған əруақ қонсын деп,
Үйсіннен келген олжаны,
Орақтыға беріпті.
Ақкөбіктің шын аты:
Ақыман мен Қараман.
Қожахмет Жасауи,
Қарғыстап туған анадан.
Бұл екеуі басында,
Жасауидің биі еді.
Пəре жегіш жеміт боп,
Зияны елге тиеді.
Қожахмет Жасауи
Бұл екеуін қарғыстап,
Хайуанат боп жүреді.
Ескелді, Балпық, Жолбарыс
Сыйық атам, Дарабоз,
Қасқарауда Өтеген,
Тигізген бұлар қолғабыс.
Домалақ енем шын аты,
Айтылады Жезбике.
Райымбек тағы да,
Басына бақ қонған іс.
Қаракерей Қабанбай,
Шапырашты Наурызбай,
Қалмақты қуған бұл жерден.
Мұның бəрі болған іс.
Төле бидің ақылы,
Үш жүздің барша батыры,
Қалмақтың басын жойған іс.
Ақылы ғой Төленің,
Білгенді айтып беремін.
Ақыл-айла болмаса,
Болмас еді оңған іс.
Артық туған Абылай
Өлтірген Қалмақ ханын-ай.
Қалден ханы өлген соң,
Ат қойған қалмақ жабыла-ай.
Абылайлап ат қойып,
Қалмақтың ішкен қанын-ай.
Қасқайып қарап тұрыпты,
Келіндер деп тағы да-ай.
Уəли Шора құсбегі
Қырғыздың шыққан табынан,
Ұлы жүзден зат-тегі.
Бұған мəлім құстардың,
Ұшып қайда түспегі.
Жерге түссем құс айтқан,
Уəли Шора алады.
Аспанда жүрсем лəж не,
Қанатым тағы талады.
Аспандап ұшып күшті еді,
Құдіреттің күші ғой,
Құстарға қайла істеді.
Қайда қонар, қайта ұшып,
Құстың ойын болжаған,
Уəли Шора құсбегі.
Кім қалады мəңгілік,
Оларды да ажал тістеді.
Ел біледі біраз күн,
Сиыршының Аманы,
Шертіп өтті дүниені.
Солай шығар заманы.
Істеп жүрген би болыс,
Жақсысы бар жаманы,
Өтті сөйтіп дүниеден,
Ажалға бар ма амалы?
Кіші жүздің табынан
Тіленшіұлы Жоламан,
Сарғалдақ пен Қоғыл би,
Сəбден де Жайнақ батырым.
Батасы жел болмаған.
Қасабай мен Солтанай,
Руы мырза-майасар,
Жау бар ма бұған жолаған?
Малтабар, Құлжан ол да өткен,
Жауды аямай тонаған.
Нелер батыр жəне өткен,
Қалмақты ұстап қамаған.
Сырымбет атам баласы
Өтенайда Сауранбай
Құлбен еді əкесі.
Ақмешітке орнаған
Есқожаұлы Төребай,
Жағалбайлы табынан,
Өлімге өзін зорлаған.
Күшіктен шыққан Мəулімбай,
Саяқбайдын баласы.
Өлеңді қардай бораған.
Қыдыралы ақын талапты,
Бұл да Мырза табынан.
Өлең-жырды торлаған.
Ақын атам Қабылиса
Өлең-жырға келгенде,
Асып кеткен арнадан.
Сиыршының бір табы
Сүгір атам тұқымы,
Жантасұлы Орынбай,
Болтай молда тағы да,
Орынбайұлы Ілебай,
Тəубекұлы Сағатбек,
Бұларға аруақ орнаған.
Бұғыбай батыр Ұлы жүз
Ысты деген табынан.
Кəкімбекұлы Сұраншы,
Шапырашты жағынан,
Жауды көрсе тұрмаған.
Қилыбайұлы Қожбанбет,
Суанның табы Ақшадан.
Тезек деген төренің,
Құлағын оймен бұраған.
Балғалыда Шеруке,
Жалайырда шыққан қырғыздан,
Қобызын қосып бəйгеге,
Бірінші болып жол алған.
Əбдіұлы Бекбосын,
Баймұхамбетұлы Мақаш та,
Бəйшегірдің мықтысы.
Ақын менен Бобаған,
Бабайұлы Қошақан,
Саматұлы Қарғалы,
Жалайырда – балғалы,
Елдің басын құраған.
Андастан шыққан Ботбайды,
Халқы айтып жоқтайды.
Шарапатты кісі екен,
Еш адам сөзін жықпайды.
Өнері асқан ұста екен,
Отты қолмен ұстайды.
Ел аузына ілінген,
Ботбай барда темір бар,
Еркеман барда көмір бар,
Ел болған соң шығады,
Нелер жетім жемір бар.
Ботбай айтқан соларға,
Таза жүрсең өмір бар.
Арамның адымы ұзамас,
Бір бұлғанса шыға алмас,
Асқынғанға аран бар.
Мырза елінің бір табы
Есенқабыл, Есенбай.
Бейсенбінің баласы
Жас батыр боп келеді,
Аппақтағы Бопауым.
Талапты боп келеді,
Мұны да жырға қосайын.
Жүйрік аттай ойқастап,
Бəйгенің алдын тосайын.
Көп сөйлеттің көпшілік,
Сіздерден қашан босайын?
Айта берсем тағы көп,
Естуге құлақ тоя ма?
Айтарсыз тағы-тағы деп,
Жақсымбеттің ішінде
Сəбденұлы Қареке.
Қареке атқа мінген соң
Еліне келді береке.
Жақсымбетке ұйтқы боп
Болмады елге келеке.
Ұлы жүз тұрмақ үш жүз де
Қареке сөзін тыңдады.
Өзі молда, шешен жан
Ақылмен елін жинады.
Əзілетті ақпейіл
Қарекені халық сыйлады.
Бірауыз сөзге беделді
Береке елге орнады.
Жетім-жесір, м іскіннің,
Тілегін бермей қоймады.
Білімді ғалым молла алып,
Баласын елдің жинады.
Хат танытып оларға,
Сауатсыз оны қылмады.
Сөйткен бала адам боп,
Ұстағаны қалам боп,
Білімді болды ойдағы.
Жас та болса Қареке,
Елге болды қадірлі.
Сөзі елге ұнаған,
Жəне болды сабырлы.
Басшы болды халыққа,
Істемеді забырды.
Ақыл айтып тоқтатты,
Мінезі жаман адырды.
Елі тұрмақ Кəкенді,
Басқа жұрт та таныды.
Жетімге жесір қарасып,
Тани білді тəңірді.
Жолаушы жүріп келгенше,
Шыдамай халқын сағынды.
Қадірлі болса халқына,
Адал болса салтына,
Сағынбай халқы неғылды.
Осы айтылған Қареке,
Менен өзі көп кіші.
Бала да болса қадірлі,
Құрметтейді ел іші.
Қарекемен жолдас боп,
Балқашқа келдік көп кісі.
Қареке десе Қареке,
Жанып тұрған өрт кісі.
Адамды ажал қоя ма,
Құтылуға бола ма?
Еркіне қойсаң пенденің,
Дүниеден келмес кеткісі.
Жоғарыда айтылған
Мəтішұлы Төлепті,
Олардың жөні бөлек-ті.
Халқы үшін жаралған,
Айырымы ерекше.
Артынан ерген ел-жұрты,
Кəдімгі жетім көдекші.
Ақыл айтқан бəріне,
Ескелді атам бөлекше.
Қаблиса, Балпық би,
Халқына болған үлкен сый.
Ескелді, Балпық, Қарымбай
Ортада Алтын Терекші.
Осы айтылған аталар,
Сырдарияның бойынан,
Қазалының ойынан,
Халқын қоймай жинаған.
Қараталдың бойына,
Текелінің ойына,
Қоныстанып тойлаған.
Ескелді атам бас болып,
Қалмасын деп аш болып,
Ол жағын да ойлаған.
Қаратал, Көксу арасын,
Ұлы жүздің баласын,
Жау қолына қоймаған.
Балпық атам, Қарымбай,
Ақылы асқан дарындай.
Қаблиса атамыз,
Еліне орын сайлаған.
Мыңбұлақ, Қойтас жотасын,
Иіскеп шөптің опасын,
Тайраңдап жайлау жайлаған.
Ұлы жүз болып бірігіп,
Ашылмай жігі кірігіп,
Абақ, Тарақ бір туған,
Жақсылық жаққа ұмтылған.
Ниеті жарық айнадай,
Атамыз Балпық, Ескелді,
Үш жүздің ұлын ескерді.
Бəрін бірдей тең ұстап,
Тастамаған жан адам.
Осылай халқым расы,
Бұрынғылардың мұрасы.
Өтірік деп осыны,
Айта алады қай надан?
Барлығы емес кей жерде би мен болыс,
Нашардың қабағына қарады ма?
Тұсында əрбір ханның бір сұрқылтай,
Жүреді ыңғайланып заманына.
Басына бір адамның бақ берерде,
Қарамас жақсы менен жаманына.
Болып өт боларында деген сөз бар,
Жаксылар нашарды еске санады ма?
Сөз білер, ойшыл нашар шыға қалса,
Би-болыс жеткізді ме талабына?
Өсірмек тұрмақ оны өшірді ғой,
Жақсылар тартты емес пе тамағына.
Біз көрмесек ұрпақтар көре жатар,
Нашардың да бір күні таңы атар,
Алатаудын бір шығар алабына.
Сөзінің соңын Бақаңжанына ерген құрдасы Меңлібайға
қарап аяқтапты.
Қос атамның тұқымы,
Бекежанұлы Меңлібай.
Бір жылғы туған төл еді,
Демеңіздер бұл кім-ай.
Рұқсатсыз одан сөйледім,
Осы үйге келдім де-ай.
Сөйлесін деп Бақаңа,
Рұқсатын бердім-е-ай.
Осындай өлең айтқанда,
Отырам ба сөз қылмай.
Осымен өлең тоқтасын,
Ұрсатын шығар Меңлібай,
Осымен, халқым, болдым-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу