Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  524


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

АТАМЫЗ – АДАМ ПАЙҒАМБАР

Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.
Дін, мұсылман, халайық,
Сол ғазизден таралған.
Ұрлық пенен қарлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып, тек жүрсең,
Көрмессің деген залалды.
Белгісі деген пейіштің,
Жазғы соққан самалды,
Тəрігі деген тамұғы,
Қысы суық амалды.
Ауыл малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Жақсылықтан наным жоқ,
Жаманшылық асқан заманда.
Мақажандай ұл тумас,
Қайны болмас Қабан да.
Балам бар деп мас болма,
Өзіңде болса аянда.
Болмағанның бəрі сол,
Ерлі-зайып аранда,
Малынан зекет бермеген.
Аузына құдай кірмеген.
Алақандай Ай мен Күн,
Ғаламның орта жарығы,
Қыбылаға бас қоймақ.
Мұсылманның тарығы,
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңілінде құдай барлығы,
Жаяулық пен жалғыздық,
Жалғанда жаман тарлығы.
Түшіркеген ұйқы жоқ,
Қайғының асқан зарлығы.
Қолыңнан құсыңды қашырсаң,
Қайтып қонбас қолыңа.
Ісің түссе жаманға,
Жағаңнан алар сорыңа.
Құдіреттің жарлығы-ай.
Биттей нəрсе қалсашы,
Бұрынғы жаннан ырымға,
Пəреқорлар қызығар,
Бес тиындық пұлыңа.
Нар түйенің жақсысы,
Бауыры сүтті маясы,
Тайып кетсе аяғың,
Дұшпанның қанар табасы.
Алла-ағұлам осылай шығар расы,
Сен демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге,
Ақылыңды берсең азбайсың,
Епті туған еліңде.
Мал дүниенің жарығы,
Жаратып шырай көргенің,
Қызықпағын бес күнге.
Жорға мініп теңселіп,
Торқа киіп белсеніп,
Дүниенің солай алдауы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу