Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  133


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

ЖЕҢЕШЕМНЕН МІН ШЫҚТЫ

Жеңеше деп жүруші ем,
Жеңешемнен мін шықты.
Жеңешесі, шынынды айт,
Түнде үйіңнен кім шықты?
Қышынып ем, қотыр ем,
Қой күзетіп отыр ем.
Қой дырылдай, ит үріп,
Сіздер жақтан шу шықты.
Басынып жүрген кім деп ем,
Сіздің үйден үн шықты.
Айтпасаң айтпа, енеңіз,
Лақтырды кімге ұршықты?
Ертеңгісін қанаған,
Айтпасаң да көрдік біз,
Ұршық тиген тұмсықты.
Айтпасаң қой жеңеше,
Жолаушы ағам келгенде,
Бір салармын қырсықты.
Бір кездерде əйтеуір,
Ағам өстіп ұрар-ау.
Еркектік қып қамшы ұстап,
Қокаң қағып тұрар-ау.
Ұршықпен ұрған енешің,
Арашашы сұрар-ау.
Арашалап алғын деп
Маған ғұзыр қылар-ау.
Арашаға барармын,
Қырсықтанып қалармын.
Қойыңыз деп ағама,
Самарқау қолқа салармын.
Май-құрт беріп тұрмасаң,
Маған жалбақ қылмасаң,
Жіберіп, тартып, жеңеше,
Асықпай тұр, жеңеше,
Сенен кегімді алармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу