Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  71


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қанша дәстүр тоналған...

Қанша дәстүр тоналған,
қаншама тіл жоғалған,
Жүзеге аспай көп арман,
қоғам ішке қамалған.
Америка елінде
үндістердің жерінде
Қырық адам сөйлейді
шулумдардың тілінде.
Би билесе кей елде
адамдардай жабайы,
Тыр жалаңаш шешініп,
сөз сөйлейді анайы.
Жаратқанның өзімен
жасағандай келісім,
Есерсоқтау бір әнші
өзгертіпті терісін.
Парик кисем болды деп,
өскен шашын сыпырып,
Басыма бақ қонды деп
әйелдер жүр құтырып.
Текелерді жезде қып,
ешкілерді апа деп,
Күн көріп жүр біреулер
шаян менен бақа жеп.
Ас ұсынып кезбеге,
тәнін сатып өзгеге
Жүргендерді көргенше
жұмылмайды көз неге?!
Болғаннан соң тиімді
байтал бастап үйірді,
Қызойнақ пен жын-ойнақ
жайлап алды үйіңді.
Туған бала некесіз,
өскен әке-шешесіз,
Өкінгенмен не пайда
болып шықса жетесіз?!
Атын алып орыстың,
кәпір болып шоқынған,
Дінін, тілін ұмытқан,
Сақта, Құдай, қоқымнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу