Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  77


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Балығын тайдай тулаған

Балығын тайдай тулаған
Ау салып, ұстап алмаған,
Бақасын қойдай шулаған
Қазанға, бірақ, салмаған,
Шегіртке, шаян жемеген,
Өмірі ұрлық қылмаған,
Садақа кімдер берер деп,
Көзін де сатып тұрмаған,
Аштықтан ақыр қырылған
Қазақты біздің қайыспас
Бишара депті кіл надан.
Адалды ғана құндаған,
Адамды ғана жырлаған,
Кетпеген сыны аяқтың
Бояуы тозса, сырлаған,
Керіске мойын бұрмаған,
Кекесін сөзге сынбаған,
Көңілдің кілті табылса,
Көзінің жасы құрғаған,
Жемін жеп, тірі қалғаннан
Өлгенді артық санаған
Намысы биік бұл бабам
Мақтаныш болып жүр маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу