Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  278


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Сұлуды көрсем көз алмай...

Сұлуды көрсем көз алмай,
Жүріп ем көптен озардай.
Болды ғой жиі ерегес,
Өмірдің мәнін сезе алмай.
Қиянат, пәле жоқ емес,
Қалатын жаным төзе алмай,
Қиналған күнім көп емес,
Ат арып, тоным тозардай.
Өткен соң дәурен басыңнан,
Салмағың қалмас тозаңдай,
Жақсылар кетіп қасыңнан,
Уақыт берер жазаңды-ай.
Қуырылып бір сәт жатарсың
Табаға түскен сазандай.
Іріңнен, бәлкім, татарсың
Қайнаса тозақ қазандай.
Тасаға кетіп тайталас,
Көкірек кірден тазармай,
Көңілдің шері тарқамас,
Құрысты бойдан жаза алмай,
Жегідей жеген жебір ой
Алды ғой менің мазамды-ай.
Санамыз қашан сілкінер,
Зор дауыс келіп оятпай
Таңертең айтқан азандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу