Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  96


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Шіркін, дәурен, ғажап-ау жасымдағы...

Шіркін, дәурен, ғажап-ау жасымдағы,
Қызықтырып баланы қасымдағы,
Темір торға дәл көздеп түсіруші ем
Тұрған допты аяқтың басындағы.
Өңімде де дәл келсе түсімдегі,
Мені кейде көп адам түсінбеді.
Жең ішіне ешқашан жасырмадым
Кәмпитті де қолымның ішіндегі.
Қолдады ма бақ дарып, Қыдыр мені,
Жақыным да жаныма үңілмеді.
Жайып салдым ақтарып сойған қойдай,
Жатқан сырды жүректің түбіндегі.
Аз емес қой қазақтың мұсылманы,
Жанға батты солардың қысылғаны.
Амалсыздан жұттым мен кері қарай
Тұрған сөзді тілімнің ұшындағы.
Бауыры бар жұрттың да өкпесі көп,
Өлеңімнің оты бар, бүкпесі жоқ.
Жаратқаннан тілеймін күндіз-түні
Сол бір сөздер без болып кетпесін деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу