Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  223


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Күлкі арсыз деп күле берсең, жан боларсың семірген...

Күлкі арсыз деп күле берсең, жан боларсың семірген,
Ұйқы арсыз деп ұйықтай берсең, бос қаларсың өмірден.
Бұдан басқа арсыздар да толып жатыр, байқасаң,
Арсыздарға көне берсең, жерің осы жеңілген.
Қу нәпсіге ере берсең, таусылмайды құмарлық,
Сене білсең, ізгі сезім көкірегіңде тұрар нық.
Қандай құрмет көрсетсең де, лайықты деп білем
Жүрген жанға тазалық пен адалдықты тұмар қып.
Ақ мақтадай үлпілдеген аспандағы ақша қар
Жерге түсіп, балағыма кір боп қонды, пәтшағар!
Көңілі қара, жаны жара тіршілікте аз емес,
Сырты бүтін, іші түтін, өзін ғана ақ санар.
Көктем мен жаз, күз және қыс.
Барлық тұсын мезгілдің,
Ыстығы мен суығын да ерте көріп, тез білдім.
Тағдыр ғажап!
Тоқсан жолдың торабында тоғысқан
Жақсы менен жаманды да,
Адал менен арамды да кез қылдың.
Ақ киіммен кірген жандай көмір жатқан шахтаға,
Көңіл мөлдір болғанымен, болды сыртым қап-қара.
Тәніңдегі кір-қоқысты, іште жатқан іріңді
Тазалайды таза су мен маздап жанған от қана.
Көңіл шоғы, жан жылуы, жүрегімнің ыстығы
Мұз боп қатқан қардың өзін ерітеді қыс күні.
Адамдардың кеудесіне қайырымнан құр қалған
Түссе деймін татулық пен мейірімнің ұшқыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу