Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  71


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Тұлпары аттың жолықпады

Тұлпары аттың жолықпады,
мәстек мінгіш боп алдым,
Сырттаны иттің жолықпады,
кандендерге таландым.
Жолдан тосты биігі емес,
аласасы адамның,
Мықты ұры да бұйырмады,
ұсағына тоналдым.
Енді кімді жек көремін,
Неге, несін кектенемін?!
Дәурен жүріп тұрса-дағы,
дәрмені аз олардың.
Дәрігерден дауа таппай,
аузын қасып жарамның,
Айығатын амал таппай,
емшілерге қаралдым,
Жағаға қол жетпегендер,
балағыма оралдың,
Қалың көрпе жоқ дегенде
жамылғыны орандым.
Енді кімді жек көремін,
Неге, несін кектенемін?!
Дәурен жүріп тұрса-дағы,
дәрмені аз олардың.
Жиған-терген қапқа сиса,
қажеті жоқ қанардың,
Ай жарықта жол таба алсаң,
қажеті жоқ фонарьдың,
Ырзық терген бұл өмірден
үлесімді алармын,
Бәлкім мен де тірі жүрген
көптің бірі болармын.
Енді кімді жек көремін,
Неге, несін кектенемін?!
Дәурен жүріп тұрса-дағы,
дәрмені аз олардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу