Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  163


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жеті жаман

«Тура жолдан таймаңдар!» –
Деген кезде пайғамбар
«Сақтан жеті жаманнан!» –
Деп сұраған адамнан.
Біріншіден не жаман,
Күле қарап молдаға,
Жаратушы Аллаға
Серік қоссаң – сол жаман.
Екіншіден не жаман?
Алдап адам баласын,
Шығарып көз шарасын,
Сиқыр қылсаң – сол жаман.
Үшіншіден не жаман?
Сабыр түбін күтпесең,
Кісі қанын жүктесең,
Қарғыс атар – сол жаман.
Төртіншіден не жаман?
Арды ойламай, пайда ойлап,
Шығын шықса ойбайлап,
Өсімқор болсаң – сол жаман.
Бесіншіден не жаман?
Малын алып жесірдің,
Қақын жесең жетімнің,
Арам болсаң – сол жаман.
Алтыншыдан не жаман?
Жан беріскен шайқаста,
Қан төгілген айқаста
Тұра қашсаң – сол жаман.
Жетіншіден не жаман?
Күнәсі жоқ әйелге
Аузы-басың сүйреңдеп,
Кінә тақсаң – сол жаман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу