Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  110


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жеті жақсы

«Тура жолдан таймаңдар!» –
Деген кезде пайғамбар
Алла пана болатын,
Қамқорына алатын,
Құр қалмайтын батадан,
Жеті адамды атаған.
Біріншіден кім жақсы?
Иілсе де сынбайтын,
Жақынына бұрмайтын,
Дін жолынан таймайтын,
Тура сөзді тыңдайтын
Әділ имам – сол жақсы.
Екіншіден кім жақсы?
Желкілдеген құрақтай,
Сылдырлаған бұлақтай
Жаңа өспірім бозбала
Сырғымайтын сынаптай,
Сәжде қылса – сол жақсы.
Үшіншіден кім жақсы?
Алласыз іс қылмайтын,
Мешіттен еш қалмайтын,
Бар саналы ғұмырын
Жақсылыққа арнайтын
Ізгі пенде – сол жақсы.
Төртіншіден кім жақсы?
Бірін бірі сүйетін,
Отқа бірге күйетін,
Суға бірге түсетін,
Алла атымен жүретін,
Екі ғашық – сол жақсы.
Бесіншіден кім жақсы?
Ұрғашы көз салғанда,
Алдап-арбап тұрғанда,
Бір Алладан именіп,
Қызықпайтын думанға,
Еркек болса – сол жақсы.
Алтыншыдан кім жақсы?
Өтіп жатсын күн неше,
Қайырым қылмай жүрмесе,
Оң қолы не бергенін
Сол қолы да білмесе,
Жомарт болса – сол жақсы.
Жетіншіден кім жақсы?
Жалғыз қалып, жабықса,
Мұқтаж болып, тарықса,
Көзден ыстық жас шығып,
Алланы айтып, қамықса,
Бәрінен де – сол жақсы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу