Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  100


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Қорланудан жүрегім...

Қорланудан жүрегім,
Қуырылып барады...
Тез таппасам бір емін,
Көкіректі жарады.
Тапталудан жүрегім,
Қансырады жаншылып.
Түнек болды түр-өңім,
Көзін жұмды қанша үміт.
Найзаланып тесілді,
Шоқпар тиіп езілді.
Арман-тілек кесілді,
Дүние тар сезілді.
Құлшылықтар құлшынған,
Таяз болды жадағай.
Тілім қан боп қыршылған,
Қан-қақсадым жарадай.
Соққы келіп соқты кеп,
Есеңгіреп құладым.
Ауыруым кетті үдеп,
Тітіркенді құлағым.
О, Жаратқан, бір Алла,
Бердің маған жыр айдын.
Қолым жетті Құранға,
Мінажат қып жылаймын.
Сен риза бол, Ием,
Соқыр көзім торланба!
Үнсіз тыңдап мөлием,
Кеудем шерге толды, Алла...
Қайтып бабын табамын,
Мінезім бар ең шадыр?
Жерге тимей табаным,
Қызмет етуге бер сабыр..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу