Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  73


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ТҮСІНДІМ

Қарасынан алыс жүрмін көмбенің,
Теңім болмай өнердегі төр менің,
Мандымаған жүрісіме өнімсіз,
Бойым балқып, риза боп көрмедім.
Болғанымен оттегі мен қорегім,
Өз бабына өткенімен өлеңім.
Өзгеше бір өрнегіне түсе алмай,
Көңілім толмай жеткеніме, келемін...
Тастай алмай көшпендінің тағдырын,
Сарқылғандай сағат сайын сабырым.
Бұтағымды самсытады жемісім,
Терең текке кеткендіктен тамырым.
Қайран күндер жыр жазатын төкпелеп,
Нәрсіздікпен өтіп кетті-ау текке көп.
Қанағатым қаламыма болмады,
Өзіме-өзім өтіп барам өкпелеп...
Бұл тірлікте күйдім, бірде үсіндім,
Құдіреттің бағалайды күшін кім?
Жаратқанның жарлығына жолығып,
Ақындықтың ауырлығын түсіндім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу