Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  69


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

СИГНАЛ

Сөйлейтұғын осы шағым менің дәл,
Бата білмес мен емеспін сері шал.
Дәуке құрдас, өлеңдерің сенің дәл,
Бассыз кеткен бауырларға сигнал.
«Күнәсіз – бұл – мекеніңді» көргенде,
Шашу шашқым келіп кетті төрге де.
Елім деген нағыз сенің жүрегің,
Жарық болып тұрғандайын көрге де.
Ұлтың үшін сен жүректен жыладың,
Шырқап жүрсің ауыл менен қыр әнін.
Қарғалары бәйге алған заманда,
Саңқылдадың кең аспанда қыраным.
Ұлт намысын жықпай жүрген пендемін,
Бірақ осы нағыз досқа кендемін.
Қазақ деген ұлы атты көтеріп,
Хуанхэ менен Есілге де келгенмін.
Мұң кешемін үнсіз осы кейде мен,
Жүрегің де көрінеді жейдеңнен.
Адалдығың берсін ұлтқа күш-қуат,
Алғыс жаусын бір өзіңе пендеңнен.
Көп нәрседен жанарларым жабырқау,
Қазағымнан алсам-дағы сан алқау.
«Табанымнан» Тарбағатай күш алса,
Жырларыңнан желпінсінші Тәңіртау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу