Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  63


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

АБАЙДЫ ОЙЛАП, АБАЙЛАП...

Абайдан соң ақындар өлең жазып не етеді?
Тыңдаушысы табылса бар қазаққа жетеді.
Оны аз десең аударған адамзаттың ойшылы,
Хафиз, Пушкин, Лермонтов,
Бунин менен Гетені…
Жазуларды доғарып оқу керек ендеше,
Ақыл тауып, қолыңнан адам болу келмесе.
Басқаны айтып қайтесің
жетегімен шайтанның,
Аллаһ – ұлы құдірет жүрегіңе енбесе…
Абайдан соң шынымен қалам алу ұят-ты,
Ақ қағазда баланың шимайлары сияқты.
Менің ұлтым – қазақ қой,
өлең десе үздігем,
Үзіп алмау үшін де ақын деген тұяқты!
Сондықтан мен жазамын жүрегімнің әмірін,
Қаздырмауға ешқашан өлеңімнің қабірін.
Деп жазамын Аллаһты –
бас қоятын ғашығым,
Он сегіз мың ғаламға жалғыз ғана Тәңірім!
Абайдан соң жыр жазу қандай қиын екенін,
Біле тұрып,
Ақындық дей алмаймын не теңім?
Өзім мейлі кетейін тәннен ұшып ғарышқа,
Жер бетінде қалдырам өлеңімнің мекенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу