Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  60


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Жолымды қара мысық – өсек кесіп...

Жолымды қара мысық – өсек кесіп,
Ызадан булығамын қос өкпе ісіп.
Ауысса бір үзім нан, бір шыны шай,
Қайтып біз ел боламыз есептесіп.
Сәнің бар, ақшаң барда күшің де көп,
Тұрады алға басып ісің, демек.
Пендені сыйлар болсаң ілтипатпен,
Аллаһтың ризасы үшін керек!
Даналар кеңестерін айтады мың,
Сонда да билік құрар сайтан ұғым.
Адамнан күтпеу керек,
Жақсылықтың –
Аллаһтан күту керек қайтарымын.
Бас алға қадамыңды бағып еппен,
Бар Аллаһ бәрін білер нағыз өктем.
Оң қолдың берген қайыр-садақасын,
Сол қолың білмесін деп уағыз еткен.
Мәңгілік, айтыңдаршы, күн кешті кім?
Білінбей өте шығар бұл бес күнің.
Қоздаған өсек, өтірік, күндестігің,
Аллаһтың ақиқатын білместігің!
Батқанша надандықтың құйына мың,
Жұртыма ұрттам су боп құйыламын.
Арамнан арашалап жүрегімді,
Бас қойып Бір Аллаһқа сиынамын!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу