Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  115


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

«Қолда – деп – аталарым!» сөз алғасын...

«Қолда – деп – аталарым!» сөз алғасын,
Түсіндім, бұл мақсатпен оза алмасын.
Бақ талас, атақ қуған бөлек-бөлек,
Әр ру жасағасын өз «Алласын».
Қызынып, қырық түрлі ұрандайды,
Әлсізге өктем, күштіге бұлаңдайды.
Аузында «Мұсылманбыз» дегенімен,
Сауатсыз құдіретті Құран жайлы.
«Әруақтап» ат қояды бүлік десе,
Абай да зар жылапты-ау біліп кеше.
Бұл қазақ қасіреттен арылмайды,
«Бисмилла, бір Аллаһ» – деп бірікпесе!
Май құйып алды-алдына, от көсеген,
Өліні босқа әурелеп, текке сенген.
Өршиді алтыбақан алауыздық,
Қаптаған көп «Құдаймен», көп көсемнен.
Шегі жоқ қуа берсең жан құмардың,
Қараңғы қалды емес пе қалғыған күн?
Тек бізді қолдайтын да, қорғайтын да,
Жаратқан бәрімізді жалғыз – Раббым!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу