Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  76


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

МОЛА БАСЫНДА

Тайқы заман таятын бағы шеттен,
Таймас уағыз мәңгілік табыс еткен.
Үйден шығып беттедім дөң басына,
Әруақтарға дұғам бар бағыш етпек.
Бабаларым – бай білім кешегі өткен,
Жылмен бірге жарысып көшеді еппен.
Зират болып жиналып бір төбеге,
Қақ бөлініп жатсыңдар не себептен?
Тірлігіңде тік басқан туысқандай,
Ештемеден өттіңдер қуыстанбай.
Ел шетіне ілінсе сумаң сығыр,
Өткен күнің жоқ еді ту ұстамай.
Келін алып, қыз беріп араласқан,
Күй күмбірлеп, толғайтын дала дастан.
Ағайынның аласын тату етіп,
Арсыздарды басқа ұрдың аран ашқан.
Қайран сабаз сандаған саңлақтарым,
Тең басатын безбенді салмақтарың.
Жаннат болсын тұрағың, Аллаһу әкбар!
Айтып қалай таусармын сарнап бәрін?!
Ол кездерде көрмегем алысты мен,
Бірте-бірте азайды таныс түр-өң.
Не ар жағын айналмай, не бер жағын,
Өттің «сызық» молалар дәл үстінен.
Бүгінгі аспан бір бөлек, бұрынғы аспан,
Шекара тұр тік қарап мұңымды ашқан.
Тура келген зиратты турап өтіп,
Созылыпты... ары-бері бұрылмастан.
Берген бізге бір кезде арнап тәлім,
Жатқан мынау зиратта бар мақтаным.
Төбе екіге бөлінді дегенменен,
Қайтіп сені бөлеміз, аруақтарым?!
Тарих – қайғы, дәу шара іркілдейді,
Бетпақ күндер сазарып бір күлмейді.
Тосқанымен тікен тор мал-айуанды,
Менің күбір аятым іркілмейді.
Айналып жүр биікте Қыран өтіп,
Айтылмаған көкейде бір ән опық.
Жүрегіме шекара сала алмайды,
Мен отырмын күбірлеп құран оқып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу