Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  58


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ҚАУІП

Жан емес ем желігіп желп еткен де,
Жүгінбегем кіжініп жер тепкенге.
Өзімді-өзім хақ жолға түсірсем де,
Жүрегімді жүреді өртеп пенде...
Жұғады екен жұтаңның даты мыңға,
Жаным төзбей жасқанам жат ырымға.
Доллар үшін долыққа түсіп бүгін,
Қыздарың жүр қорқаудың тақымында...
Сыпырылып басынан кимешегі,
Келіншектей әжелер күй кешеді.
Бойжеткенің бойында ождан болса,
Қаны басқа қатпаға тимес еді.
Тықсырады тынымсыз ағыс, тебін,
Көру керек еді ғой алысты елім.
Пасықтықтан жидіген қуыс кеуде,
Мақтан етер қыз аңдып, «ақ» ішкенін.
Сол баяғы сорлатқан жүр таласың,
Тарих бетін сен қайтіп жырта аласың?
Аты озғанның алдынан ұра қазып,
Буындырып бересің жұрт ағасын.
Артық емес десек те көп білімді,
Игерсе де жер-әлем, көк-күніңді.
Ұмытпаған жөн еді бабалардың,
Бастан кешкен тарихын деп тұруды!
Барғаныңмен күніне Марсқа сан,
Бәрі бекер, елдік деп алыспасаң.
Ең зор қауіп рухани жұтаңдық та,
Әдебиет – арыңнан алыстасаң...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу