Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  137


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

АДАМДАРША

Мендегі бар қасиет өзіме тән,
Басқалардан ауысып қонған емес.
Ойлайтыным, сөздерім өзім айтқан,
Басқаныкі ешқашан болмақ емес.
Қимылыма нұсқаушы басқаратын,
Миым.
Тарта ойлайтын тереңіне,
Жүгінбеймін еркіне басқа бастың,
Таңдап алған жолым бар,
Керегі не?!
Бар өнердің қызығам түрлеріне,
Берілгемін шын құлап құштарлана.
Жаным тыным таппайды түнде, күнде,
Ойлағанда ғұмырды қысқа ғана.
Тұрғаны жоқ жүректі сорып қайғым,
Серпілемін сенімнің жетегімен.
Отан үшін Жауымнан қорықпаймын,
Мен адамша қажымай өтем мүлдем.
Өйткені мен ақылға сидырғанды,
Атқарғанмын серт етіп өкінбеске.
Жек көрмеймін тоңдырған,
шыжғырғанды,
Жұмыр басым өмірдің отын кешсе.
Ақиқаттың таңдағам жол асылын,
Ғашықпын күллі әлем Иесіне.
Ойлайтыным – қақтығыс жоғалсын үн,
Ылаң салмай алып күн жүйесіне!
Тарта берем мен алға, тартып келем,
Ажал атты қорғанға қамалғанша.
Ел тағдыры жолында артық көрем,
Өмір сүру, өлуді – адамдарша!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу