Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  91


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

БҰЗЫЛҒАН МАШИНА, ҚАЙТҚАН ҚАЗ

Күзгі дала, тау бөктері, қыраттар,
Беті қатқан бедірейіп бұлақтар.
Сұрғылт мұнар, суық ызғар, айнала,
Лыпасы жоқ байыз тауып тұрақтар.
Мотор сөнді шұғыл жүріс сапарда,
Мұндай кезде артық екен ат арба.
Тонға оранып мен жатырмын дірдектеп,
Мүрде жатыр ұзынынан қатарда.
Тұмшалаған айналаны қара түн,
Машина да жоқ қой келіп қалатын.
Бір өлі жан, бір тірі жан ап жатыр,
Тар кузовтың екі бірдей қанатын.
Жапан дала жалтыр жолдың үстінде,
Ұқсадық-ау қалы кетіп міскінге.
Арлы-берлі жүре бердім тынымсыз,
Тоңбау үшін машинадан түстім де.
Тағдыр бізге неткен тосын сый еткен,
Ұят болды-ау кузовтағы сүйектен.
Қарсы алдық біз арпалысып осылай,
Таң арайын көтерілген жиектен.
Күз аспанын күңірентіп жігерлі,
Қаз дауысы мүңға бөлеп жіберді.
Жан иесі «тіршілік» деп жар салып,
Үн береді үзбесін деп күдерді.
Жіпке тізіп жібергендей еппенен,
Қатар-қатар қаз барады көкпенен.
Немесе ол сап құраған әскердей,
Ал мен тұрмын қалың қаздан көп төмен.
Ұзай алмай машинаның қасынан,
Мұз байланып тамған көздің жасынан.
Мен қараймын құлақ түріп қиқуға,
Қаздар ұшып бара жатыр басымнан.
Таң атырдық сол мүрдені қарап біз,
Ұшар едім, сорым мынау қанатсыз.
Қарашада қоштастырып қазбенен,
Кең өлкені басып жатыр орап күз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу