Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  74


Автор: Шабаз Иманалиев

АҚ АНА, ҚОҢЫР БАЛА

Қарт емен бұтағымен көгереді,
Жаратқан одан артық не береді?!
Жылқышылар қосында жатқан Ата
Сағыныпты бүршігі – немерені.
Тап сол күні қара аспан түнеріпті,
Үлкенді тыңдамауға кім ерікті?!
Жүрегі алабұртқан келін-ана
Сәбиін атасына жіберіпті.
Қоңыры ат-шанамен қыр асқанда,
Тағы да бір қарады бұл аспанға.
Жанын қояр жер таппай қойды-ау ана,
Қар мен жел ақ түтекке ұласқанда.
Сонан соң тұңғыш ұлын көре алмады,
«Жоқ» деуге бұл дүниеде сене алмады.
Зым-зия ғайып болды қайран Қоңыр –
Белгісіз жер алғаны, жел алғаны.
Ананың жер сарайы қаңырады,
Өзегін күйік өртеп, аңырады.
Соңынан торсық шеке ұл көрсе де,
Мұң болып орнап қалды Қоңыр әні.
Аналық махаббаттың ұлы күшін,
Перзенттік болмысымен ұғу үшін;
Сәби Қоңыр қарменен еріп кеткен
Туған жерге тал болып шығу үшін




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу