Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  80


Автор: Шабаз Иманалиев

Сан жылдар артта қалыпты...

Сан жылдар артта қалыпты,
Талай күн зулап өтіпті.
Самайды қырау шалыпты,
Уақыт белгісін тастап кетіпті.
Уақыт ағып жұлдыздай,
Самайды қырау шалыпты.
Мойыныңды бұрғызбай,
Алпыс та келіп қалыпты.
Өсектен қамшы өрмедің,
Ғайбат сөзге ермедің.
Алмағайып күндерде
Ашуға тізгін бермедің.
Ауырлық басып еңсені,
Кеткенде пенде теңселіп.
Достық деген – қорған ғой,
Қорғаштай алсам мен сені...
Кім еске алмас жастықты?!
Алаулы күндер өткіздік.
Он сегіздегі достықты
Алпысқа аман жеткіздік.
Тентектеу болған кезде де,
Жазғырып көрген жерің жоқ.
Сабырлы, сырлы сөздерден
Айырылып көрген жерің жоқ.
Ақ арманың алпыста,
Айға қадам басқандай.
Айтар сөзің әр тұста,
Тайға таңба басқандай...
Жолдасың емес ептілік,
Көлгірсу және кектілік.
Дүниеде бар болса,
Осындай болар тектілік!
...Шарқ ұрып ұшқан шағала,
Айналаң – ұл-қыз, балалар.
Бауырлар, іні, аға да,
Өзіңді келіп паналар.
Қонса да шашқа қар қалың,
Сүйікті әке, жар болып;
Қолыңда Ардың ақ туы,
Дүниеде жүрші бар болып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу