Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  71


Автор: Шабаз Иманалиев

Жылдарда көп болар сан тамаша да...

Жылдарда көп болар сан тамаша да,
Түсінген адам оған таласа ма?!
О, достар, жиналыппыз, жиналыппыз,
Осынау дырду кешке – тамашаға.
Парталас Серікқалы досым еді,
Жақсы күн алдан талай тосып еді.
Ал бірақ той туралы есте жоқ-ты,
Ол кезде бұл ой бізге тосын еді.
Бәріміз күні кеше кішкене едік,
Соңына тек ойынның түскен едік.
Бұл күнде дос таңдаймыз, жар таңдаймыз,
Айтыңыз, қайда екен сол кішкенелік?
Адамды жыл ілгері ала қашып,
Кешегі бүгін болды бала ғашық.
Жаныңа сыр толтырып, «Жар болам» деп,
Қыз келді өміріңе араласып.
Шынары махаббаттың аласарып,
Жүрмесін жүректерге жара салып.
Болмасын кеудеде дерт, жанарда жас,
Жүрмесін қуаныш, мұң таласа ағып.
Тек алдан тоса берсін қызық өмір,
Табиғат қоса берсін ұзақ өмір.
Десін жұрт: «Қосақ болсаң, осындай бол!»,
Демесін: «Жандар екен тұзы жеңіл».
Өр арман болашаққа қарамай ма,
Жаныңды дос бақыты орамай ма?!
Ал, достар, тілесейік үлкен бақыт,
Қол соғып Серікқалы, Оралайға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу