Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  70


Автор: Шабаз Иманалиев

ТУҒАН ЖЕРДЕ

(Солдат сағынышы)
Ақ бұлттар жайды қанатын,
Ақ төсін күнге сүйгізді.
Жолаушы күтіп алатын
Қарлығаш жанап жүр бізді.
Туған жер, мені қарсы алдың,
Көктеміңмен, гүлменен.
Ләззат сенен қанша алдым,
Күткенің көп пе бір менен?
Көкжиекті жағалап,
Көлкіп ақты сағымдар.
Көлеңке бетті сағалап,
Ей, қырлар, бұққан қарың бар.
Жүгірді маған қызғалдақ,
Бауырыма бастым, өптім де.
Жұла алмадым қызға арнап,
Мен өзім гүл боп кеттім де...
«Қоссын, – деп, – солдат жырына»,
Туған жер жолға гүл екті.
Қызғалдақты қырына
Ту етіп тіктім жүректі.
Туған жер, тыныс өзіңде,
Шаттыққа баттым бір өзге.
Кедей боп кеп ем сезімге,
Байып та кеттім лезде




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу