Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  101


Автор: Шабаз Иманалиев

ЕСІҢЕ ТҮСІРДІҢ БЕ БӘРІН, БӘРІН?..

Қалқатай, бұрылмадың, неғылғаның?
Таныдың, әлде мені танымадың.
Әлде сен ұмыттың ба сол күндерді,
Есіңе түсірейін бәрін, бәрін.
Әнеки, көзің салшы қара суға,
Құмар ек «Кім жүзгіш?» деп таласуға.
Сен кейіп, тасты алыс лақтырсаң,
Мен бұрын ұмтылушы ем жарасуға.
Ойнаған құмын кешіп анау шағыл,
Бауырынан теруші ек қой балауса гүл.
Күн батып, үйімізге тарасқанда,
Желпуші ең орамалың жалауша бір.
Күн өтті, күн арасын күндер бөлді,
Ғажайып сыр алысқан түндер келді.
Ай-ару ақ сәулесін бізге құйса,
Ғашық қып майысатын гүлдер желді.
Бап-балғын жүрегімнен елжіреген,
Оқысам оңашада мен бір өлең;
Ерекше ырзалықпен тыңдаушы ең,
Қап-қара көздеріңмен мөлдіреген.
Қос жүрек қуанышпен ала шапты,
Армандап қызығы көп болашақты.
Біздерге бақытсыздық боп көрінген,
Бір мұң да қуанышпен таласа ақты.
Көп ұзақ серік қылмай қуаныш та,
Біздің үй көшіп кетті түу алысқа.
Сол кезде түсінбеппіз, жүрек барын,
Жаным-ау, жер алысы – шын алыс па?!
Оқумен талай жазды, күзді өткердім,
Жүрегім махаббаттың жүзді өткелін.
Алыстан аңсағаным, тау самалым,
Өзіңді, тек өзіңді іздеп келдім.
Қалқатай, қарамадың, неғылғаның?
Таныдың, әлде мені танымадың.
Екеуміз – бір қауыздан өскен гүлміз,
Есіңе түсірдің бе бәрін, бәрін?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу