Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  69


Автор: Шабаз Иманалиев

Білмеймін күйініштің қанша барын...

Білмеймін күйініштің қанша барын,
Сен бердің соның бәрін, аңсағаным.
Сен бірақ түсінбедің, елемедің,
Жүректің аңсағанын, шаршағанын.
Көрмедім сенен тәтті шырай, қабақ,
Күлмедің ақ жүзіңді нұр аймалап.
Ұқпадың отты сырын жанарымның,
Тұратын тек өзіңе құлай қарап.
Бір жанмен татымайтын тырнағыңа
Әуресің, қатты батып жүр жаныма.
Қылымсып сол немеге жағу үшін,
Қор болдың, мүләйімсіп тұрғаныңа!
Жаныма ащы уыңды төге кетіп,
Жүресің олай-бұлай көлең етіп.
Айтшы сен мақсатыңды өмірдегі,
Сен өзің нені ұстайсың, неге жетіп?
Көңіліңнің әлденедей назын айтып,
Ал, міне, жақындадың әзіл айтып.
Жүзіңе үмітпенен жалт қарадым,
Келді ме махаббаттың жазы қайтып?
Жоқ, енді сүйе алмаспын аласарып,
Жүрекке бықсыған бір шала салып.
Жүрегім – таза бұлақ мөлдір сезім,
Жүзе алмас лай сумен таласа ағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу