Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  80


Автор: Шабаз Иманалиев

ЖҮР, ҚАЛҚА!

Көңілге қарай қалсам алаң кіріп,
Көзіңді төңкересің сараң күліп.
Әйтеуір бәрін сезгіш жұрт көзінен,
Сырымды әрең-әрең қалам бүгіп.
Сен неге көңілімнің қиялысың,
Арманның алыс шыңы, қиянысың?!
Сен неге толқи бердің, асау жүрек,
Бұлқынып, көкірекке сиямысың?!
Ішімнен мен қашанғы тына берем,
Серуенге неге жалғыз шыға берем?!
Кетемін сәт қуанып, сәт мұңайып,
Кеудемде тыныштық жоқ – туады өлең.
Бұраң бел, күміс күлкі, ерке Жайық,
Шақырды көк майсадан көрпе жайып.
Екеуміз ән айтайық, сырласайық,
Жүр, қалқа, жүрші, жаным, бір барайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу