Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  65


Автор: Шабаз Иманалиев

Көңілді ой тербеп...

Көңілді ой тербеп,
Ертеді «Жүр-жүрлеп».
Кеудені күй кернеп,
Кетеді күмбірлеп.
Тыңдашы құлақ сап,
Тыңдашы, сәулешім.
Кеудеме тұрақтап,
Тұрған ой әуресін.
Түсімде бір сенен
Жазылмай құшағым;
Бақыттың ішінде
Армансыз ұшамын.
Келеміз сайрандап,
Бұлттардан әрі асып.
Жұлдыздар қайран қап,
Бәрі құп жарасып.
Күлісіп, сыңғырлап,
Мәзбін мен өзім де.
Самал жел сүйді ұрлап,
Мас қылып сезімге.
Ояндым мен жалғыз,
Бос жатыр құшағым.
Қайдасың, әй, сал қыз,
Тентекке ұсадым.
Тентекке ұсадым,
Сабыр жоқ көңілде.
Кел, әзір құшағым,
Түсте емес, өңімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу