Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  103


Автор: Шабаз Иманалиев

ҚЫС КЕЛДІ

Түн еді салқын ғана, бірақ тыныш,
Орынға отырған-ды ел тым-тырыс.
Бораны, аязы бар – нөкерлері,
Ауылға кіріп келді қаһарлы қыс.
Жел ұйтқып, басқа-көзге сабалады,
Борасын ауыл-үйді аралады.
Қыз күтіп, қақпа баққан сері жігіт
Ауланың ықтасынын паналады.
Әуеде қар ұшқыны дөңгеледі,
Төменге түсе беріп жөнделеді.
Күмісті ақ желегін желпи түсіп,
Сәнменен түн-келіншек түрленеді.
Жақындап терезеден амандасты,
Үй-іші «Қыс келді» деп қарбаңдасты.
Құрдасын – ақсақалды көргеннен соң,
Атам да ескі тонға кеп жармасты.
«Төрге шық, қош келдіңіз, қонақ сыйлы,
Құрметпен қарсы аламыз сізді әр қилы». –
деп едім,
Риза болып кетті білем,
Бетімнен тыз еткізіп аяз сүйді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу