Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  63


Автор: Шабаз Иманалиев

Жарқылға ерме, жас жаным...

Жарқылға ерме, жас жаным,
Жаңыларсың жолыңнан.
Жайықтай асау от-жалын
Жосыла безер соңыңнан.
Кеудемнің кілті– жүрегім,
Кеңдеу болып тынысың.
Арманға артқан тілегім,
Ғажайып отпен жылынсын.


«Сұлулық болмай сыртымда,
Ішімде болсын» дер едім.
«Жас жүрек, желпи жұлқын да,
Көкірек керме!» дер едім.
Сырлы өмірден су ішіп,
Сырласа берсем мәңгілік.
Сырдаң болмай сіңісіп,
Сайрашы, тілім, мәнді ғып.
Өмірдің тауып өзегін,
Еңбекпен жетсем деп едім.
Соқпақпен жайлап келемін,
Не затқа болсын төземін.
Сарғая бермей көп ойлар,
Сала жүр асқақ әніңді.
Сайрандамас деп ойлар,
Самалмен сырлас жанымды.
Ғашықпын өмір дегенге,
Қашықтамас ол менен.
Ұмтылар балғын денем де,
Жолаушыдай шөлдеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу