Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  82


Автор: Шабаз Иманалиев

АНАМА

Бесігімді әнмен жайлап тербеткен,
Әнмен бөлеп, әнмен алған жөргектен.
Жаным ана, саған ғана сыйлаймын,
Жүрегімде ұялаған жыр-көктем.
Жан анашым – алдымдағы бәйтерек,
Самайыңды қырау шалды ертерек.
Оған себеп, бір жағынан, мен шығар,
Түсінбегем бала күнім жетелеп.
«Құлыншағым, тәй-тәй, жаным» деген ең,
Тәй басқанда қолтығымнан демеген.
Анажаным, жел боп тимес бетіме,
Әлі өзіңнен бір шапалақ жемегем.
Неге керек құр еркелік есірген?!
Менің өзім тентектікті кешірмен.
Анажаным, ақ сүтіңді ақтамай,
Адам болып жер басамын несін мен?!
Ұзақ түнге бір көрмеген жалығып,
Мені уатқан кірпік ілмей сарылып.
Құшағы – ұя, жаны – сая, сөзі – күй,
Анашыммен ойнамашы, кәрілік!
Қой, кәрілік! Өрнегің бе бурыл шаш,
Жүз жыл өтсін, анажаным қартаймас.
Ең аяулым, өмірімнің өзегі –
Анам менің жүзі әжімді, жаны жас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу