Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  81


Автор: Жасұлан СЕРІК

Кешегі...

Кешегі,
Мен саған оқыған өлеңдер,
Дәл қазір жүрекке сыйлар мұң.
Бұл өмір – дана шал, кемеңгер,
Көкесін көрсетті-ау қинаудың.
Үрледім сезімнің отын мың,
Жанбады не амал, не шара?
Көңілсіз жабырқау отырмын,
Күйге ендім, көрсеңші, бейшара.
Айтпайды бұл әлем сыр енді,
Әніне жырымды қоспайды.
Соны ойлап көңілім түнерді,
Дәл қазір бөтен ой, бас қайғы.
Түсінер жанымның сырын кім?
Ұғатын пенде жоқ, әй, бірақ.
Кім екен сыйлаған шырын мұң?
Құларым анық-ау қалжырап.
Жаздым да жанымның бар сырын,
Мұң шақтым қағаз бен қаламға.
Дүние ұсынған бал – шырын,
Әттең-ай, тіліме тамар ма?
Жазғаны осы ма тағдырдың?
Бұйырыр тағы да қандай күн?
Куәсі кешегі бал күннің,
Қайдасың, ай аппақ маңдайлым?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу