Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  200


Автор: Ғали Орманов

ДОСТЫҚ ТОБЫ

Келді достар шартараптан
Ташкентте алғаш бас қосуға.
Жанын өлшеп жақын тартқан
Жылы құшақ тапты осында.
Жетті олар құсша самғап
Африкадан, Азиядан;
Қалам қанат, кілең саңлақ
Қаулай ұшқан бір ұядан.
Төрі байтақ, төбесі аспан,
Білем достық кең ұясын.
Тілектері мəңгі ұласқан
Тапты достар жан қимасын.
Келді олар, келді бізге
Бар көңілін жырға тізіп;
Достар тобы елімізде
Секілді бір думан-қызық
Тілдері алуан, тынысы бір,
Жаралғандай жаны тұтас,
Жазушы, ақын жиылған бұл
Замананың сырына ұқсас.
Тұлғаларын нелер елдің
Таныр едің түрлерінен;
Арманын да білер едің
Бірге əкелген жүрегімен.
Оңтүстіктің ыстық күні
Құшағынан шалар сені.
Сыр ағытқан достық үні
Секілденер жан семсері!
Тербер жұртты терең қозғап,
Достар тобы тебіренсе;
Жаныңды сол жылытар маздап,
Жерімізге ортақ күнше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу