Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  105


Автор: Ғали Орманов

ӨРІСТЕГІ ОЙ

Көп айтады Оңалбай
Қозыларын ақ мамық.
Сабақталса-ақ сөз ондай,
Тұр ма дерсің мақтанып.
Көкмайсаға шүйгіген
Көп қарайды қой жаққа.
Соның небір күйінен
Сөз бастайды кей уақта.
– Əңгіме етсең төл жайын,
Таусылмайды қызығы.
Өргізесің əрдайым
Ақ моншақтай қозыны.
Жамыраған үніне
Жаңғырады жылда ауыл.
Таңырқатқан түгіне
Тамашамыз бұл да бір.
Құмырсқадай құжыттың
Дегендер де болды оны...
Ол сөзді тек ұмыттым,
Құлаққа ілмей кей жолы.
Мал беделге бітпек пе,
Бар көңілмен сарылмай!
Көне бердім бүлк етпей,
Атансам да Қарынбай.
Осы өңірде жатқан қой
Өсті содан мыңғырып.
Дей көрме тек мақтан ғой
Айтқанымды сыр қылып.
Құжымаса жыл сайын,
Несін бақтың қозыны ол!
Ешкімнен де ықпаймын,
Арқа тіреу өзіме ол...
Көп отарын қойшының
Мен де аралап аттандым.
Айтса керек ол шынын,
Аңғармадым мақтанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу