Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  171


Автор: Ғали Орманов

АҚЫНДАР ҰСТАЗЫ

Оқимын өлеңдерін ұлы ақынның,
Сəуле етіп көңіліме нұрлы ақылын;
Қараймын қашан да оған арқа тұтып,
Секілді қарайласар ең жақыным.
Сілтейді ол ылғи сені ойға терең,
Көрінген көлеңкесі əрең-əрең.
Алысты ақын барған қайдан шалсын,
Ол күнгі өңкей соқыр, даңғой, керең!
Толғапты ол ел мүддесін ерте біліп,
Ғажайып көкірегінен жыр төгілтіп,
Салыпты өмір үшін өнер күшін,
Дамылсыз бір күйіне, бір сөгіліп,
Жазғанын оның сонда қайта сілтеп,
Жүрекпен байыптаймыз бүгін біз тек:
Ой жетпес өмір нұрын көріпті ақын,
Шел көзді шерменділік жатқан бүркеп
Оқимыз соны дəйім көңіл байып,
Шалқиды өрісіміз күнде ұлғайып;
Табамыз сырлы сұлу келісімдер,
Сонша бір сəуле шалған таңғажайып.
Сілкініп көңіліміз сонда, шіркін,
Көреміз дүниенің нелер көркін;
Өрнегін өткір жүзі сала алмайтын
Танимыз тіл өнерін сол кезде еркін.
Аңдасақ, алдымызда ақын Абай,
Сол ойға бəрімізді шақырғандай.
Осылай өрендерін үйретеді ол,
Жалықпас, бір де бірін жатырқамай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу