Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  73


Автор: Ғали Орманов

АҚЫНДАР АСҚАРЫ

Тянь-Шаньды өттім кезіп алғашқы рет:
Қар мен мұз қиыр төрі қалған сіреп,
Қырғыздың күмістеген ордасындай,
Шыңдары тізіліп тұр аспан тіреп.
Күшіндей көкірегінде арпалысқан
Сайларда дөңбекшиді су күркіреп.
Таулары қызық екен тастан құйған,
Халқыңның дəулетіндей бастан жыйған.
Көңліме көргенімді тоқи бердім,
Кем көрмей əрбіреуін тартқан сыйдан
Көлбеген көлдеріне көп қарадым,
Айнадай аясына аспан сыйған.
Мекенін көрдім тұңғыш Тоғалақтың,
Еліне өлең тартқан содан ақын.
Қыранша қиясына талпынса да,
Жасында жаза алмапты ол қанатын.
Жасырған жылғасына жыр өзенін,
Жазасы жаратылыс обал-ақ тым!..
Сезеді соның бəрін өткен кісі,
Секілді өзен біткен шерткен күші.
Мұнартқан биіктердің бітімінде,
Байқасаң ақындықтың көп белгісі.
Соларды сонша сыйлап, дегендеймін:
Тоқтағұл, Тоғалақтың ескерткіші!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу