Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  72


Автор: Ғали Орманов

ТҰЛПАРДЫҢ ТУЫСЫ

Павлодар трактор заводының жас жұмыскері
Оразалы Данияровқа
Трактор өрген даланы
Өңірде үзбей көрсем де,
Трактор туған қаланы
Көргем жоқ бұрын осы елде.
Көрінбей бір қол тартқандай
Жылжиды баяу конвейер.
Өндиді жұмыс тоқталмай,
Бермесе толас кейде бір.
Шеберлер сансыз бөлшектен
Құрайды тұлпар тұлғасын.
Туарда ұзақ жол шеккен
Тіршілік заңын ұғасың.
Тұтасып түгел сом дене,
Алаңсыз өтіп ірбіттен,
Түсірер жерге келгенде
Секілді кенет жан біткен.
Кеудесін кернеп тіршілік
Еркінше алғаш дем алып,
Орқырап, дүр-дүр сілкініп,
Жөнейді тұлпар ырғалып...
Алаңда өңкей көк қасқа
Тізіліп сап-сап қатарға,
Бағыттан əсте қайтпасқа
Беттейді ұзақ сапарға.
Қазақтар бұрын жылқылы
«Құлынды» қойған өңірде,
Тұлпарлар туып күн-түні,
Тарайды байтақ еліме.
Құлында қанша қуат бар
Құйғыған дала құсындай.
Бұлқысып болат құр аттар
Бойына күші тұр сыймай!
Толысқан Қазақстанның
Талмайтын бұл бір дүлділі.
Жолындай жаңа дастанның
Тербейді мені дүбірі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу