Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  107


Автор: Ғали Орманов

ҚҰС ҚОРЫҒЫ

Теңіздің тыңдап тынысын
Жатқамыз ұзақ ұйықтамай.
Ойы бар қандай кім білсін,
Таныта ма оны жұрт оңай!
Сыбдырын жанға естіртпей,
Сарғайып таң саз бергеннен,
Оянсын өзге деп күтпей,
Жоғалды зытып бір мерген.
Боратып оқты, бұзды-ай кеп
Тып-тыныш тұрған таң шырқын.
Жөнелді құстар шулай кеп,
Шыдар ма отқа жан шіркін!
Өзгелер барып жеткенше
Оңаша мерген сонша атты!
Олжалы қайтты төтенше,
Байланып үйрек он шақты.
Қызыққан жоқпын мен оған,
Қинады ойлар өзге бір.
Көліңде жүрсе көбі аман,
Болар ма күйік көзге бұл?
Жібердік қуып таң сəрі
Жағаға бірін жолатпай.
Жараспас па еді жатса əлі
Жеріңе келген қонақтай!
Не дейсіз, мерген, сіз үшін
Осыдан атып алған құс!
Асырап ұзақ үй ішін,
Болар ма үнем жазы, қыс?
Бездіріп сонша келмеске,
Жөңкілте құсты қуғанша,
Аяған да абзал емес пе
Қаталдық етпей тым онша?
Мекендеп жүрсе күнде еркін,
Бүлдірер ме еді бұл байғұс?
Емес пе қайта көл көркі,
Ұялап, өсіп жатса құс?
Қызықты мынау кезінде
Қуаныш толы – жерің мəз,
Сүйсінбес пе едің өзің де
Суыңда жүрсе аққу, қаз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу