Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  98


Автор: Ғали Орманов

ҰТЫЛҒАННЫҢ ӨКІНІШІ

Аяғым кейде ауырып, кетеді ашып,
Тұрғандай болам ылғи тікен басып.
Қиналып, соған қатты кейігенде,
Өзімнен өзім қайда кетем қашып!
Улатып қан тамырды көк түтінге,
Аунақшып мазам қанша кетті түнде.
Денемде ине шаншар сау жерім жоқ,
Сыртымды баламасаң тек бүтінге.
Тірнектеп жылдар бойы жиған дерттен
Сауығу қиын шығар бүгін-ертең.
Ауырлап, аяғымды басам əрең,
Адамдай дерт біткенді соңына ерткен...
Тұрғанда балғын денең дерттен аман,
Соңыңа соны қолдан ертпе, балам.
Жұқтырсаң сау денеңе жоқтың татын,
Ұқсауың қиын емес ертең маған!
Ердім мен түрлі əуеске ерке адамдай,
Жүргендей жұқтыратын дерт таба алмай
Денемді шылым уы алды жеңіп,
Не сорым екен соны ерте қоймай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу