Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  80


Автор: Ғали Орманов

ҰЛЫ АРНА

Жетелеп көк Ертісті кең Арқаға,
Жігіттер шеру тартып келді ортаға.
Жағасын жаңа арнаның араласаң,
Ұқсайды гуілдеген омартаға.
Қауырт бір қимылдаған көресің жұрт
Қайтқанша қас қарайып қоналқаға.
Самсыған сабы үзілмей машинамен
Тартады жерімізге солар таңба.
Көрмеген көлдер жатыр көлбеп нелер,
Қуана қарағандай келер таңға...
Айтсаң да əсем оның бүгінгісін,
Төсіне толтырыпты жылдың құсын.
Солардың алуан түрлі əнін тыңдап,
Жағада күтпес дейсің кім құрбысын!
Мен үшін еліміз бен жерімізге
Арналған ағыл-тегіл бұл бір сусын.
Құлпырған жағасында гүл-мəуедей
Ертеңгі елестетем жұрт тұрмысын.
Сондағы қуанышты жүректердің
Құлағым еркін естіп тұр дыбысын.
Арқадан жатыр асып жаңа арнамыз.
Жалғаймыз оны нелер заманға біз.
Ұрпаққа өз тынысын ұластырған
Өмірі жырға толы адамдармыз.
Қайырып сан өзенді сахараға,
Жасартқан жерді қайта мамандармыз.
Алысқа көз жетпейтін кетіп жатыр
Осынау терең түскен даламдағы із...
Қуанышы күллі ұрпақтың ортақ бізге,
Сол үшін жер бетінде жаралғанбыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу